Енді колледждерде ЖИ нақты құрал ретінде қолданылады

  • 34
  • 29.04.2025, 18:55

Енді колледждерде жасанды интеллект нақты құрал ретінде қолданылады. Алматыда өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар чат-боттардан бастап нейрожелілер негізінде жасалған авторлық жобаларын таныстырды. Жиынға Ресей, АҚШ және басқа да елдердің сарапшылары қатысты.

Алматы экономикалық колледжінде өткен конференцияға еліміздің көптеген қаласынан оқытушылар қатысты. Соңғы жылдары колледж мұғалімдері жаңа технологияларға ден қойып отыр. Бірі жасанды интеллект негізінде электронды сабақ кестесін жасаған. Екіншісі әдеби шығармаларды AI технологиялардың көмегімен салынған комикс арқылы оқытуды ұсынып отыр. AR/VR технологиялардың да болашақ жұмысшы мамандары үшін пайдасы көп.

Қасымбек Жақсыбай, Алматы экономикалық колледжінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор: 

-2024 жылдың көктемінен бастап Алматы экономикалық колледжінде «Digital педагог» деген курс ұйымдастырдық. Сол курстың аумағында барлық педагогтар ЖИ негіздерін игерді. Сосын ұстаздарымызға талап қойдық. Жаңа 2024-2025 оқу жылдарынан бастап ЖИ оқу процессіне енгізілсін деп. Сол үрдіс басталды.  

Республикалық конференцияда жасанды интеллекттің білім берудегі авторлық үлгілері көрсетілді. Мысалы, оқытушы Шыңғысхан Рахан Google компаниясының NotebookLM қызметін пайдаланған. Осы құралдың көмегімен студенттерге үй тапсырмалары автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ күрделі тақырыптарды әртүрлі форматта мысал арқылы тез меңгеруге көмектеседі.

Шыңғысхан Рахан, арнайы пәндер оқытушысы, өндірістік оқыту шебері:

-Әр мұғалім өзінің жұмыс істеу процесінде алдымен өзінің планын зерттейді, оларға қосымша материалдар қосады. Керек болса ЖИ арқылы оны арттырады және қосымша деректер қосады. Соның нәтижесінде біздің материалдар ерекше және тиімді болатынына біз нақты көз жеткізе аламыз. 

Жасанды интеллектті меңгерген педагогтардың жұмысын халықаралық сарапшылар бағалады. Олардың қатарында АҚШ-тағы IT-компанияның негізін қалаушылардың бірі Дина Ерлан да бар. Конференция қорытындысы бойынша қатысушыларға QR-код арқылы қорғалған дипломдар мен сертификаттар табысталады.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов