Елде кітап өтпейді емес, жетпейді. Мектеп кітапханаларындағы көркем туындының небәрі 11,8 проценті қазақ тілінде. Мемлекеттік тапсырыспен жылына тек 30-ға жуық шығарма жарық көреді. Балаларға арналған туындының санын арттыру үшін не істеу керек? Министрлік не дейді?
Айнұр Бұлақбай Астана қаласынан тек қазақ тіліндегі кітаптарды сататын дүкендер желісін ашқан. Жазда жасөспірімдерге кітап оқып, туындыны талдайтын үйірме де ұйымдастырады. Алайда қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің тым аз екенін айтады.
Айнұр Бұлақбай, қоғам белсендісі:
- Қазақша ойлайтын, қазақша түсінетін, қазақша сөйлейтін, қазақша қоғамды қалыптастыратын балаларды біз жетілдіру үшін, тәрбиелеу үшін қазақтілді қазақша кітаптар өте қажет. Тоқтаусыз шығаруымыз керек. Қазіргі балалардың қызығушылығы – фантастика. Көбінесе қиял-ғажайып әлем. Орыстілді кітаптармен салыстыратын болсақ, ол әлі де аз.
Хәрри Поттерді қазақша сөйлеткен кәсіпкер Раиса Сайранқызы он жыл бұрын шетел әдебиетін аударуға сұраныс болмағанын айтады. Алайда соңғы үш жылда баспалар қазақ тіліндегі кітаптарды көбейтіп, оң үрдіс қалыптастыра бастаған.
Раиса Қадыр, баспа үйінің негізін қалаушы:
- Тапсырыспен өте қысқа уақытта осындай кітапты аударып бер десе, өте сапасыз кітап шығады. Кезінде аудармалар қалай жасалды деген кезде неміс, француз, ағылшын тілінің авторы олардың орысша нұсқасын алады да, содан кейін ғана қазақ тіліне аударылады. Балаларға туынды жазу өте ауыр. Солардың көзқарасымен әңгімені жеткізу деген үлкен шеберлікті талап етеді. Сондықтан да замандастарымыз енді-енді үйреніп келе жатыр деп ойлаймын.
Сенатордың айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен шығатын балалар кітаптарының саны аз болғандықтан, ауыл балаларына жетпей жатыр.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Балалар жазушылары мен баспагерлердің айтуынша, кітаптардың орташа таралымы 1000-2000 дана аралығында ғана болып, бұл бүкіл республикадағы балаларды қамтуға жеткіліксіз. Балаларға арналған анимациялық әдебиет, инклюзивті бағыттағы және көптілді контент секілді заманауи бағыттар назардан тыс қалып отыр.
2023 жылы 24 балалар кітабы 72 мың данамен жарық көрсе, 2024 жылы 26 шығарманың 78 мың таратымы оқырманға ұсынылған. Жауапты министрлік туынды санын арттыру үшін жазушылар арасында түрлі байқаулар өткізіп жатыр.
Алмаз Мырзахмет, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы:
- Балалар әдебиетін жазатын авторларды қолдайтын ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Солардың бірі – 7 номинация бойынша тағайындалатын «Айбоз» ұлттық сыйлығы. Сол номинациялардың бірі – балалар әдебиеті. Заманауи балалар әдебиеті болғандықтан «Үздік комикс» деген де бағытты қостық. Мысалы, ең алғаш «Айбоз -2022» ұлттық сыйлығын жариялаған кезде 400-ден астам жаңа туындылар түсті. Соның ішінде 72-сі балалар әдебиеті. Содан бөлек Президенттік арнаулы сыйлық жарияланды.
Сенатор сөзінше, елімізде балалардың тек үштен бірі кітапты өз еркімен оқиды. Балалар әдебиетіне тиісті көңіл бөлініп, саны артса, қызығушылық та артары анық. Кітап өтпейді емес, жетпейді.
Диана Қадыр, Самат Оспанов