Құсмұрын ауылында «Келешек» мектебі салынып жатыр

  • 67
  • 02.07.2025, 18:43

Қостанай облысында 6 келешек мектебі салынып жатыр. Соның бірі Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында. Осыған дейін соғыс жылдары салынған ескі ғимаратта оқып келген ауыл балалары биыл заманауи жаңа мектепке ауысады. Мердігер білім ошағын тамыз айында тапсырамыз деп отыр.  

Құсмұрын ауылында бір емес, екі негізгі мектеп бар. Қос білім ошағында мыңнан аса бала оқиды. №1 Құсмұрын жалпы білім беру мектебінің тым ескі екендігі бірден байқалады.   

Мынау ғимарат 1941 жылы салыныпты. Соғыс жылдары бұл жерде госпиталь болған екен. Кейін мектепке айналыпты. «Әлі күнге дейін балалар білім алып жатқан мектеп стандартқа еш сай келмейді»,– дейді мамандар. 

Жыл сайын қанша ақтап, сырлағанымен, ескінің сиқы келген бе? Ішіне кірсең, өткен ғасырдың орта кезеңіне тап болғандайсың. Қазақ тілінде білім беретін бұл мектепте 300-ге жуық бала оқиды. Кабинеттер жетіспейтіндіктен екі ауысымға көшірілген. 

Ләззат Серікова, Құсмұрын жалпы білім беру мектебі директорының міндетін атқарушы:

-Мектепке мебель алмағалы біраз жыл болды. Ескі парталар, тақталар. Сол сияқты терезелер өздеріңіз көріп тұрсыздар ескі, бұрынғы заман терезелері. Енді алдағы оқу жылында біз жаңа мектепке кіреміз деген ойдамыз. Әрине бұл балалар үшін өте қуанышты жағдай. 

Жаңа білім ошағы ескі мектептің іргесінде салынып жатыр. 300 орынға есептелген ғимарат төменгі және жоғарғы сынып оқушыларына арналған екі блоктан тұрады. Төрт зертхана, төрт спорт алаңы, робототехника, стемлаборотория, коворкинг аймағы, қысқасы балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады. «Құрылыс барысында аумақтың геологиялық ерекшелігі ескерілді»,– дейді мердігер компанияның өкілі.  

Сухраб Өзбеков, құрылыс компаниясының өкілі: 

-Грунтовые воды дейді ғой, бірақ бізде мектеп маңайында дренажный система деген бар. Соның бәрін орнаттық. Геологоразведка деген жұмыстарын өткізіп, фундаментін өзгертіп, сол мектепті салдық. Мықты деп айтуға болады, бүкіл лаботория бәрін тексеріп өттік. 

Айтуынша құрылыс жұмыстарының 80% атқарылған. Тамызға дейін тапсырамыз деп отыр. Жалпы Әулиекөл ауданында 30 мектеп бар екен. Білім бөлімінің басшысы әзірге осы жеткілікті дейді. 

Досбол Құсайынов, Әулиекөл аудандық білім бөлімінің басшысы:

-Жалпы осы мектепті салғаннан кейін негізгі мектептер бізде салынып болынды. Бізде енді тек қана мектептерге сол күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін біз қаражат сұрап отырмыз. Күрделі жөндеу қажет ететін бізде екі мектеп, бір балабақша бар.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша облыста 6 мектеп салынды. Соның 4-уі пайдалануға берілді. Қалған екеуі биыл тапсырылады. Оларда шамамен 4,5 мың бала білім алатын болады. 

Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг