5 қыркүйек – тіл мерекесі. Бұл күн ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен қатар тойланады.
Биыл төл әліпбиіміздің атасының туғанына 151 жыл. Айтулы датаға орай Астанада «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция өтті. Жиынға Үкімет мүшелері мен тіл жанашырлары қатысты. Іс-шара аясында «Ұлттық диктант» жобасы бастау алды. Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те қатысып, барша қазақстандықтарды сауатты жазуға шақырды. Диктант офлайн және онлайн форматта өтеді. Оған қатысу үшін til.kz платформасына кіру жеткілікті. Жоба қорытындысы жыл соңына дейін жарияланады.
Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті:
- Мақсаты ешқандай емтихан жасау емес, біреуді сынау емес, біреудің қатесін әшкерелеу емес. Бәріміз бірге осы диктантты жазу арқылы, өз-өзімізді сынап көріп, содан кейін өзіміз жіберген қатені керек болса тауып, мамандардан сұрап, одан кейін сондай қатені жібермеуге іштей бекінсек. Еліміздің барлық аймақтарындағы оқу орындары мектептердің оқушылары, студенттер, ұжымдар болып онлайн да, офлайн да қатысып, осыған үлес қоса алады.