Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл
Оқу ордасының түлектері бүгінде әлемнің әр түкпірінде еңбек етуде. Айтулы күнге орай университетте ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, 85 ғылыми жоба жарық көрді. Ал 85 үздік студентке грант тағайындалды.
Осыдан 85 жыл бұрын өңірлік университет алғашқы 85 студентті қабылдаған. Осы жылдар аралығында мыңдаған білікті маман білім алып шықты. Солардың бірі – облыс басшысы Оңдасын Оразалин. Ағылшын тілінің оқытушысы атанып, артынша университетте еңбек жолын бастаған.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Институт бастапқы уақытта да өздерінің кадрларының жоғары деңгейде екенін көрсеткен. Сол 30-жылдары бір профессор, бір доцент, он оқытушы жұмыс істеген.
Алғашында математика және физика, тарих пен бастауыш сыны оқытушысы мамандықтары бойынша дәріс берілген білім ордасында бүгінде магистратуралық мамандық санының өзі 40-қа жетті. 15 мыңнан астам студент бар. Әлемнің 150-ге жуық ЖОО ынтымақтастық орнатып, Польша мен Қытай, Түркия университеттерімен қос дипломды білім беру бағдарламалары қолға алынды.
Бауыржан Ердембеков, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры:
- 35-жылы университеттің ашылуы деген Ақтөбе өңірі үшін де, Ақтөбе қаласы үшін де руханияттың бар екенін тарих таңбалап көрсетіп тұр. Мұны мақтанышпен айтуымыз керек. Педагогикалық институт болған кезде қыздар институты болып өзгерді, демек, бұл жерде қыздарды оқыту мәселесі алғашқы жолға қойылған.
Салтанатты шара барысында білім ордасы мамандарының қаламынан шыққан 85 кітап жарық көріп, университет тарихын паш ететін жинақтың тұсауы кесілді. Жаңа саябаққа көшеттер отырғызылды. Әрине ЖОО үшін басты көрсеткіш – студенттің жетістігі. Сондықтан биыл үздік 85 оқушыға арнайы грант тағайындалған. Айта кету керек, өткен жылы «Білім» бағыты бойынша университетті тәмамдаған түлектердің 95% жұмысқа орналасты.
Авторлары: Мансур Ескожин, Айнадин Молдабеков