Өскемендік ұстаздар «Абайтану» оқулығын жазып шықты
Бірақ олардың барлығы – ғылыми негізде жазылған сүбелі шығармалар. Сондықтан жалпақ жұрт жаппай оқуға арналған негіздемесі керек. Оның ең дұрыс жолы – орта мектептерге абайтану оқулығын енгізу. Бұл тұрғыда Өскемендегі гуманитарлық университеттің ғалымдары мен өңірдегі білікті ұстаздар 5-ші және 8-ші сынып аралығында оқытылатын «Абайтану» оқулығы мен оның әдістемесі ретінде «Мұғалім кітабын» жазып шықты.
Университеттің 3-курсында оқитын Айым Бейсенқазықызы Абай шығырамаларын оқушы кезінен жата-жастана оқып келеді. Бүгінде 100-ден аса өлеңі мен 45 қара сөзін жатқа біледі. Түрлі ғылыми-конференция мен Абай оқуларына үзбей қатысып жүр. Болашақта хәкімнің қара сөздері негізінде ғылым жолына түспек.
Айым Бейсенқазықызы, 3-курс студенті:
- Қазіргі таңда Абай атамыздың қара сөздерін зерттеу оқу, тереңнен тану өте қызықты. Өлеңдерін жаттап, қара сөздер бойынша көптеген жарысқа қатысып, зерттеп жұмыстарын жазып жатырмыз.
Зерттеу жұмысымен ғана айналысып қоймай Абайдың ағарту салысында айтып кеткен өсиетін нақты іске асыратын уақыт жетті. Яғни білім мен ғылым жолында мал аямастар ғана нәтижеге жетпек. Абайтанушы ғалымдар да осы бағытты ұстануы шарт.
Омар Жәлел, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
- Абайдың насихаттап отырғаны – ғылым-білім жолы. Бірақ Абай бізге суық ақылдың ғылымын ұсынып отырған жоқ. Абай бізге пайдалы ғылым алуды ұсынып отыр. Яғни жүректегі ғылымды.
Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Абайдың бұл тұрғыдағы насихат ілімі әлі толық зерттеліп болған жоқ.
Олжас Керейхан, тілші:
- Білімдіден шыққан сөз.
Талыптыға болсын кез.
Хәкімнің өлеңдері мен қара сөздерінен үзінді жазылған тастар бірнеше жыл бұрын орнатылды. Ал абайтанушы ғалымдар хәкімнің ақыл-нақыл сөздері тек тасқа ғана қашалмай, адамзаттың жүрегіне қашалғанда ғана әрбір жан «толық адам» деңгейіне көтерілмек.
Өскемендегі Аманжолов атындағы университетте былтыр ашылған «Абайтану» ғылми зерттету институты бірқатар іс атқарған. «Абай мен Мұхтар Әуезов арасындағы рухани сабақтастық» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған Айжан Қаратаева бастаған ұстаздар мектепке арналған «Абайтану» пәні мен «Мұғалім кітабы» деген әдістемелік құрал жазып шықты.
Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Бұл оқу бағдарламасы мен мұғалім кітабы Шығыс Қазақстан облысындағы «Абайтану» орталықтарында тұр. Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту» оқу құралын жаздым. Біздің институтта ең сүбелі үш еңбек болды.
Абайдың 1885 жылы жазған «Қарамола ережесін» зерттеп-зерделенген көлемді монография да жарық көрді. Ғылыми жұмыстың авторы «Қарамола ережесін» қазіргі заңнамалық актілермен салыстыра зерттеген.
Мұхтар Төлеген, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор:
- Осы заманға сәйкес нормаларды жеңіл түсінікті тілмен бердік. Әрқайсысына жеке тоқталып, билердің шешім шығару институтын, қара қылды қақ жарған Абай атамыздың биліктерін осы монографиямызда жазып шықтық.
Ғылыми жұмыстар талқылаған онлайн семинарға шетелдік ғалымдар да қатысып, пікірін білдірді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов