Астанада заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне жағдай жасаған бір топ адамға қатысты тергеу аяқталды. Белгілі болғандай, ойыншылардан ақша қабылдау үшін көп-сатылы төлем жүйесі пайдаланылған. Тіпті бұл іске банк саласының өкілдері де қатысқан. Ақша операцияларының шын мәніндегі мақсатын жасыру үшін іс заңды букмекерлік және өзге де кәсіпкерлік қызмет аясында жүргізілгендей көрсетілген. Осылайша электрондық терминалдар арқылы 188 миллиард теңгеден астам қаржы айналымға түскен. Қазір екі күдікті қамалып, тағы екеуінен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Сондай-ақ үш азаматқа кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Ернар Тайжан, ҚР қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
Жалған шарт негізінде серіктестіктің шоттарына 10 млрд теңге аударылған. Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу барысында жалпы сомасы 19 млн USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды. Соттың санкциясымен үш пәтерге, алты автокөлікке, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банкшоттарындағы ақшаға тыйым салынды.