Ақмола облысында биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 322 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының 85 миллиард теңгеге жуығы – қайтарымсыз субсидия. Бұл шаруалардың сапалы әрі мол өнім алуына мүмкіндік берді. Келер жылы осындай қолдау шаралары арта түспек. Өйткені жаңа Жолдауында Президент шаруалардың алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесінің жаңа тәсілін құруды тапсырды.
Өңірде жыл санап шаруаларға көрсетілетін қолдау шаралары артып келеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын тек 35 диқан ғана мемлекеттік қолдауға ие болса, биыл олардың саны жүзден асады. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 112 шаруа 32 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып үлгерді.
Болат Әбдірахманов, шаруа:
- Президенттің саясатының арқасында ауылшаруашылығы көмек өте тиімді болып жатыр. Бес пайызбен «Кен дала – 2 » программасымен бірінші желтоқсан айында, екінші траншты наурыз айында алып отырмыз. Өте тиімді. Ертерек алғасын тыңайтқыштарды, гербициттерді жақсы бағамен аламы алдын ала төлеп. Жанармай жеңілдетілген алып жатырмыз.
Бір ерекшелігі – былтырдан бастап өңірде қаржыландыру жұмысы ерте басталды. Яғни көктемгі дала жұмыстарына қажет қаражатты шаруалар желтоқсан айында алады.
Еркебұлан Баяхметов, «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары:
- Қазір біз келер жылға өтінімдер қабылдап жатырмыз. Әзірге бюджетте 35 млрд.теңге бар. Соны біртіндеп үлестіреміз. Кейін біз осы қаржының мақсатты жұмсалуын да қадағалаймыз. Яғни өнімнің сапасынан бастап, техникалық базаның қаншалықты жаңартылғанын да қараймыз.
Мемлекеттік қолдау мен диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында биыл да сапалы өнім жиналды. Қамбаға алты жарым миллион тоннаға жуық астық құйылды. Қазір шаруалар бітік шыққан бидайын ақырындап сатып жатыр.
Ренат Қасенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Экспортқа келетін болсақ бүгінгі таңда 3 млн.тонна жыл басынан бастап жіберілді. Мұның ішінде Қытай, Азия елдеріне, Еуропа елдеріне де жіберілді. Қазіргі уақытта астықтың бағасына келетін болсақ, азық-түлік корпорациясымен баға белгіленді. Жоғары үшінші класс санатты бидайдың бағасы – 115 мың теңге.
Жалпы биыл елімізде шаруаларға бір жарым триллион теңге бөлініп отыр. Президент жаңа Жолдауында мұндай ауқымды қолдау бұрын-соңды көрсетілмегенін атап өтті.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный