Балалар жаңа оқу жылында «Әліппемен» оқиды
Бес жылдық үзілістен кейін жаңарып, кей тұстары толықтырылды. Қазіргі «Әліппе» бес үлгінің арасынан іріктеліп, пән мұғалімдері мен өзге де мамандардың мақұлдауынан өтіп барып бастырылыпты. Енді оқулықты бірінші қыркүйекте бірінші сынып оқушылары қолына алады.
«Әліппеге» қайта оралатынымыз туралы шешім қабылданған соң, оның бес үлгісі жасалыпты. Барлығы оқулықты іріктеу тобына тапсырылған. Гүлзира Оразбекова – сол құрамда болғандардың бірі. Маманның айтуынша, таңдау жасауда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесі басты назарға алынған. Ол – оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге қарай қағидасы.
Гүлзира Оразбекова, «Әліппені» іріктеудегі сарапшы топтың мүшесі:
- Біздің қолымызға оқулықты бағалауға 20 көрсеткіш берілді. Бұл жерде әріптердің реттілігі, ең бастысы, ұлттық дүниетанымның сақталуы маңызды. Психологтар «Әліппенің» безендірілуі, суреттердің көлемі, оқушыларға әсер ететін бояулардың қанықтығына үлкен мән берді.
Тағы бір ерекшелігі, тақырыптар арнайы таңба арқылы қосымша мәліметтермен толықтырылған.
Гүлзира Оразбекова, «Әліппені» іріктеудегі сарапшы топтың мүшесі:
- Өткен сабаққа байланысты мақал-мәтелдер немесе нақыл сөздер QR-кодпен берілген. Бұл кейбір ауыл мектептерінде қолжетімсіз болса, оған қосымша дискі бар. Айтылатын, тыңдалатын ақпараттың барлығы осының ішінде сақтаулы.
«Әліппесі» бар, басқасы бар барлық мектеп 25 тамызға дейін жаңа оқу жылына арналған кітаппен толық қамтылады. Ол үшін баспалармен тиісті келісім жасалған.
Майра Мелдебекова, ҚР БҒМ комитет төрағасы:
- Жұмыс басталып кетті. Жыл сайын әр білім басқармаларымен жұмыс істейміз. Әрбір күнге жасалған арнайы кестесі бар. Күнделікті ақпаратты алып отырамыз.
Соңғы ақпаратқа сай тапсырыстың жартысына жуығы баспалардан тиеліп, тиісті мекенжайларға жөнелтілген. Айта кетейік, биыл негізінен бірінші сыныптың оқулықтары жаңартылды. Ал өзге сыныптар бойынша бала санына байланысты жеткіліксіз болған оқуылықтар қоры толықтырылып жатыр.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Серік Қоңырбаев, Диас Қобыланбаев