«Ы» СЫНЫБЫ: 1-сыныпқа барушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті
Тіпті әліпбидің «Ш» мен «Ы» әріптері беріліп жатқан кластар да бар. Жаңа оқу жылында Алматы қаласындағы мектептердің бірінде тіпті «Ю» сыныбы ашылғанын да естідік. Ал Қосшыдағы бір ғана мектептің өзінде 26 бірінші сынып құрылымдалды.
Қосшы қаласындағы № 2 орта мектепте ине шаншыр орын жоқ. Себебі бұл – қаладағы бала саны ең көп білім ордасы. 1200 орынға шақталғанына қарамастан, мұнда қазір 4781 шәкірт білім алады. Биылдың өзінде 26 класс бірінші сыныпқа қабылданып, мектептегі сынып саны 200-ге таяды. Ал мектеп табалдырығын жаңадан аттаған 635 балаға арнап «Ы» сыныбына дейін ашылды.
Майя Мұқашева, Қосшы қаласының № 2 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:
- Алфавиттің ішінде литер ретінде алынбайтын әріптер бар. Мысалы, «Ң», «Ү» деген әріптер алынбайды, сондықтан 26 әріп қалғанда, алфавит бойынша «Ы» сыныбымен аяқталады. Сондықтан бізде «Ы» сыныбы бар.
Дана Әлиева, тілші:
- Бала саны көбейгені жақсы ғой. Алайда мектеп саны өспей тұрғаны көңіл көншітпейді. Бұрын сыныптарды «А», «Ә», «Б» десек, қазіргі кезек «З», «Ы», «Ш»-ға да жетті. Жалпы осындай пандемия шағында бір сыныптың лық толы отыруының өзі қауіпті.
Үш ауысым мен кейбір сабақтардың қашықтан оқытылуы мәселені шешпесі айқын. «Аяқ киімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?!» демекші, Қосшыдағы балақайларға да бұл шара жеткіліксіз. «Қаладағы тағы бір мектепте де ахуал күрделі», - дейді білім басқармасының өкілдері. 436 балаға шақталған мекемеде 2318 оқушы тәлім алуда. Таршылықтың кесірінен тіптен 800 баланы қосымша жалдамалы ғимаратта оқытуға мәжбүр екен. Бұған биыл тапсырылуы керек болған мектептің қолданысқа берілмегені де түрткі болған.
Данияр Сәрсенбаев, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:
- Мектеп құрылысын наурыз айында бітіруіміз керек болған. Бірақ ақша болмағаны үшін биыл бітіре алмадық. Ақшаны шілде айында ғана алдық. Құдай қаласа, биыл жылдың аяғына дейін бітіреміз.
Қанат Ахметов, Целиноград ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Екінші мектеп 2022 жылы тамыз айында тапсырылады. Одан кейін келесі үшінші мектеп 2023 жылы тапсырылады деген жоспар тұр. Үш мектеп ашылған жағдайда үшауысымдық мәселе шешіледі.
Өткен жылы ел бойынша 158 мектеп салынды. Ал биыл бас аяғы 200 мектеп қолданысқа беріледі. Десе де орын тапшылығы жойылар емес. «Басты себеп мектеп құрылысының қарқыны демографиямен ілесе алмауында», - дейді оқытушылар.
Жансұлу Қамадиева, №83 мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
- Биылғы жылы мына контингентке келіп жатқан халық санының көптігіне байланысты біздің мектепке бірінші сыныпқа 640 бала келді. Мектепке жақын орналасқан балалар көп болған соң, біз қазіргі таңда 25 емес, 32 бала қабылдап отырмыз.
«25 баладан аспауы керек болса да, қолдан келер шара жоқ», - дейді ұстаздар қауымы. Себебі халық көп, ал мектеп жоқ. Бүгіннің өзінде ел бойынша 225 мың орын тапшы. Осылай жалғаса берсе, 2025 жылға дейін қажеттілік миллионға дейін өседі. Мәселені шешу үшін ел бойынша 800 мектеп салу қажет. Бұл туралы мемлекет басшысы айтқан. Еңдеше түйткілдің тарқатылар жолы біреу – мектептердің құрылысын үдету.
Авторлары: Дана Әлиева, Диас Қобланбаев, Таир Мерекенов