Оралдағы дарынды балаларға арналған мектеп қашан жөнделеді?
Алғашында нысан апатты деп танылған. Ал кейін әкімдік оны жөндеуге болатынын айтқан. Десе де әлі күнге дейін тиісті жұмыстар жүргізілмеді. Балалар шаһар шетіндегі мектепке қатынап барып оқиды. Жол ұзақ әрі ол ғимаратта да орын тапшы. Ата-аналар арнамызға қоңырау шалып, базынасын жеткізді.
Қаланың қақ ортасында орналасқан бұл мектепке озық оқушылар ғана қабылданады. Алайда ғимараттың жағдайы мәз емес. 70 жыл бұрын салынған нысан бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. 2019 жылы апатты деп танылып, балалар қала шетіндегі мектепке көшірілді. Ол жаққа қатынайтын автобус шағын әрі интервалы ұзақ. Шыр-пыр болған ата-аналар бірлесіп, балаларға «газель» жалдап жүр. Бір нысанда екі бірдей мектептің оқушыларын орналастыру да қолайсыздық тудырып келеді. Жергілікті билік өкілдері бірер жылда жаңа ғимарат салынатынын айтқан. Дегенмен «уәде құрғақ күйінде қалып отыр», - дейді тұрғындар.
Райгүл Сапарова, қала тұрғыны:
- Бастапқыда қай мектепке оқитындарын шеше алмай жүрді. Сөйтіп, бізді № 37 мектепке көшірді. Ол қаланың шетінде орналасқан. Тек бір ғана автобус жүреді. Іші қашанда лық толы. Қазір газель жалдап отырмыз. Газельге айына 10 мың теңге төлейміз. Осымен үшінші жылға қалдық. Ештеңе шешілмеді.
Айнагүл Құбашева, қала тұрғыны:
- Ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ. Әкімдіктен де ешқандай қолдау көріп тұрған жоқпыз. Енді қашанғы күтеміз?! Бізге уәдені беріп-беріп, шығарып салады. Ата-аналардың атынан қаншама рет хат жаздық.
Ғимарат жабылған соң, бір жылдан кейін қайтадан техникалық талдау жасалған. Нәтижесінде нысан апатты емес, күрделі жөндеуге жататыны анықталыпты. Сала мамандары жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткенін жеткізді. Ал құрылыстың қашан басталары әлі белгісіз.
Клара Меңдіғалиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Бюджеттік өтінім 2021 жылы қыркүйек айында берілді. Жыл соңында конкурстық шаралар басталып, 2022 жылдың 8 ақпанында жеңімпаз анықталды. Мердігердің анықталуы 2022 жылға созылып кеткеннен кейін, қаражат бюджетке қайтарылды. Енді осы жылы өтінімді қайта жібердік. Жауабын күтіп отырмыз Қаражат бөлгеннен кейін, 5 айдың ішінде жұмыстар жүргізіледі.
Ғимарат 320 орынға шақталған. Күте-күте күдер үзген кейбір ата-аналар балаларын өзге мектепке ауыстырып жатыр. Ал енді берер жылдан соң қанша оқушы қаларын елестету қиын.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов