Тегін үйірмелер енді ақылы түрде жұмыс істейді
Себебі тапсырыс алған ұйымдарға 1 жылға бөлінген қаражат небәрі 2-3 айда, игеріліп қойған. Осыған байланысты жеке секция ашқан кәсіпкерлер: «Енді балаларды ақылы түрде қабылдаймыз», - деп отыр. Бұған ата-аналар қарсы. Олар тегін бағдарламаның әрі қарай да жалғасқанын қалайды.
Былтыр Әсел Темірханова балаларын таэквондо мен шахмат бойынша тегін үйірмеге жазған. «Art Sport» бағдарламасы аясында 2-ші үйірмеге де тегін қатысуға болатынын естіген ол ақпанда секцияға жазылу үшін өтініш қалдырыпты. Алайда кезек жылжымай, жаңа ваучерлер берілмегендіктен, жеткіншектерін ақылы үйірмеге беруге тура келген.
Әсел Темірханова, қала тұрғыны:
- Балам футболға жазылып үлгермеді. Қазір айына 24 мың теңге төлеп беріп жатырмыз. Қызым да сурет салу үйірмесіне барады, оған 37 мың теңге төлейміз. Бұл бір ғана секцияның бағасы болып тұр.
Бір отбасынан 2-3 бала ақылы үйірмеге барса, әжептәуір көп қаржы керек. Сондықтан көпбалалы ата-аналар үшін бұл бағдарлама үлкен демеу еді. Өкініштісі, олардың қуанышы көпке созылмады. Көктемнен бастап, шығынды өз қалталарынан төлегендіктен, кәсіпкерлер енді үйірмелерді ақылы қылмақ. Жергілікті биліктен оларға бөлген қаражаты жыл аяқталмай таусылған.
Лаура Мұқаева, кәсіпкер:
- Осы мамыр айында: «Қаржыландыру болмайды», - деп бізге айтылды. Балаларға: «Көмек ақша төленбейді, сабаққа келмейсіздер», - деп айту бізге қиын. Осы мамыр айында өз күшімізбен жұмыс істеп көреміз, егер әрі қарай қаржыландыру болмаса, маусым айынан бастап ақылы түрге ауысуға мәжбүрміз.
Әкімдіктегілер бұл жағдайды үйірмеге жазылғысы келген балалардың күрт артуымен байланыстырып отыр. «Содан қаржы тапшылығына ұшырадық», - дейді. Алайда балалар құқығы жөніндегі уәкіл жергілікті билік тарапынан өңірлердегі жүргізген есептің дұрыстығына сенбейді.
Аружан Саин, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі:
- Мектепке дейінгі және орта білім алуға, сондай-ақ спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге баруға әр баланың құқығы бар. Әкімдік бюджетті қарастырған кезде өздері қалған сомманы емес, ең алдымен, сұранысқа назар аударуы керек. Бүгінде бұл мәселеге қатысты ата-аналар мен үйірмелерден шағымдар түсіп жатыр. Барлық өңірде балалар тегін үйірмелерге жазыла алмайды. Тіпті жазылған күннің өзінде қаржыландырудың болмауына байланысты, орталықтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр.
Еліміздегі алғашқы жалпы республикалық ата-аналар жиналысы да осы тақырыпқа байланысты өтті. Онлайн-шараға қатысқан 500-ден астам ата-ана алаңдаушылығын білдіріп, бағдарламаны қайта қарастыруды өтінді. Жиналысқа министрлік өкілдері де қатысты.
Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:
- Бұл мәселе Спорт және мәдениет министрлігі, Үкімет және Президент әкімшілігіндегі Аида Балаеваның жеке қадағалауында. Бүгінде жан басына қаржыландыруға 34,7 млрд теңге бөлініп, 506 мың бала қамтылған. Бірақ қазірдің өзінде қаражаттың жетіспеуінен барлық өңірге мәдениет және спорт саласына жұмсайтын қаражаттың кемінде 10% жұмсау туралы тапсырма берілді.
Бірақ бұл жауап ата-аналардың көңілінен шыққан жоқ. «Кемінде 10% деген сөздің өзі жергілікті биліктің бағдарламаға тек 10% қаржы бөлуіне әкеледі», - деген наразылықпен бір топ кәсіпкер мен ата-аналар көшеге де шықты. Тегін үйірмелерді қаржыландыруды тоқтатпау туралы петицияға қол жинап, әкімге өткізіп тарасты.
Былтыр енгізілген жобаға сәйкес, 4 пен 17 жас аралығындағы балалар спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысып келді. Осы уақытта біразы жарыстардан жүлделі орындар алып, жетістіктерге жетті. Енді олардың тегін үйірмеге әрі қарай қатысу-қатыспау мәселесі мамырда шешіледі. Себебі қалалық мәслихаттың келесі сессиясы келер айға жоспарланған.
Авторлары: Дана Әлиева, Әлібек Алиев, Дәурен Жұрхабаев, Нұрлан Малгелдинов