Ақтөбелік озат түлектер шетелдік университеттерден шақырту алды
Алайда 11-сыныпты бітірмей жатып шет елдің үздік университеттеріне грантпен оқуға қабылданғандар бар. Мәселен, Өскемендегі екі оқу ордасының 30-ға жуық түлегі әлемге танымал жоғары оқу орындарының сынағынан мүдірмей өткен. Ал Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы шетелдік 11 университеттен шақырту алған.
Гүлназ Аманжолова биыл Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдады. Алты жыл білім алған оқу ордасына алғысы зор. Себебі ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-ананың тал бесіктен берген тәрбиесінің арқасында әлемге танымал 11 оқу орнынан шақырту алған. Оқу озаты Американың Калифорния штатындағы Питцер университетін таңдапты.
Гүлназ Аманжолова, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі:
- Мен экономика саласын таңдадым. Америкадағы оқу орны жылына 85 мың АҚШ доллар көлемінде грант бөлгелі отыр. Бұл білім алуыма да, күнделікті шығынымды өтеуге де жеткілікті. Мені қолдап, арманымның орындалуына көмек көрсеткен ата-анам мен ұстаздарыма алғысым шексіз.
Бұл білім ордасын биыл 158 оқушы тәмамдады. Оның 12-сі шетелдік оқу орындарынан шақырту алып үлгеріпті. Тағы 50 түлектің емтихан нәтижесі санаулы күннен кейін белгілі болады. Мұндай жетістікке қол жеткізудің бір себебі мектепте дәстүрлі теориялық білім берумен қатар жеткіншектердің ғылыми-жобалық бастамаларын қолдауға да аса көп көңіл бөлінеді.
Сәуле Өмірбекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры:
- Мектебіміз «Үздік олимпиадалық мектеп» атауына ие болды. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Балаларымыз Мәскеуде өткен ғылыми жобалар сайысына қатысып, жүлделі орындармен келді. Мектебімізде ғылыми-жобалық жұмыстарды дамыту – негізгі бағытымыз.
Ал Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебі мен «Білім-инновация» лицейінің 30-ға жуық оқушысына қазірдің өзінде Гонконг, Германия, Испания, Швейцария, Америка, Оңтүстік Корея, Катар сынды мемлекеттерден шақырту келген. Олардың жеңіп алған гранттарының сомасы 840 миллион теңге шамасында. Тіпті бір өзі бірнеше елдің жоғары оқу орындарының грантын иеленгендер де бар. Мәселен, 4 тіл білетін Махамбет Исмайлов әлемнің алты бірдей университетіне шақырту алған. Ал Данияр Жұмағұловқа Гонконг пен Оңтүстік Кореяның үздік білім ордалары қызығушылық танытқан. Оның таңдауы соңғысына түсіп отыр. Атап өтерлігі екеуі де бір мектептің түлегі.
Махамбет Исмайлов, 11-сынып оқушысы:
- Катар университетін таңдадым. Әлем бойынша саясат жағынан 12-орында тұр. Сол үшін таңдадым. Осындай жетістікке жетуіме көп тіл білуім көмектесті. Негізі бәрі адамның өзіне байланысты. Кез келген оқушы ізденіп, оқыса, білімге ынтасы болса, көптеген жетістікке жете алады.
Данияр Жұмағалиев, 11-сынып оқушысы:
- Әлем бойынша осы университетке бір жылда тек 15 студент оқуға түседі. Осы 15 талапкердің қатарына кіргеніме қуаныштымын. Осы университетте білім алып, магистратураны бітіріп, Қазақстанға келіп, отандық ғылымды дамытуға үлес қосқым келеді. Себебі елімізге ғылымға көңіл бөлу керек.
Айта кету керек, биыл елімізде 170 мыңнан астам түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Олардың 8 139-ы алтын белгі үміткер.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Азамат Қасым, Айнадин Молдабеков