Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді
Енді іргелі ғылым ордасы тікелей Мемлекет басшысына қарайды. «Бұл мәртебе ғылым саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге жол ашады», - дейді профессор, академиктер. Сондай-ақ әлемдік ғылыми қауымдастықта Академия мүшелерінің дәрежесі артады.
Алғаш 1946 жылдың 1 маусымында Қазақ КСР Ғылым академиясы болып құрылған іргелі зияткерлік орталықтың тарихына үңілсек, ғылымның дамуына қосқан зор үлесіне көз жеткізуге болады. Бір шаңырақ астына біріктірілген 31 ғылыми мекеме, оның ішінде 24 зерттеу институтының мамандары ғылым мен экономиканың барлық бағыттары бойынша күрделі зерттеулермен айналысты. «Алайда 90 жылдардағы қиындықтар ғылым ордасын тұралатып кетті», – дейді ғалымдар.
Әзімхан Сатыбалдин, Экономика институтының директоры:
- 1996 жылы март айында академия жабылған. Министрлікке қосылып, министрлік «академия наук» деп аталып кетті. 2003 жылы ол статустан да айырылғанбыз. Қоғамдық мекеме болып қалды. Біздің құрамымызда не институт болған жоқ, не қаржы болған жоқ, ешқандай жағдай болған жоқ. Ғылымға да біз ешқандай қатынасымыз болмады. Ғылым академиясы кәдімгі қоғамдық мекеме сияқты, өзінің күнін көрумен болды. Басқа ешқандай ғылымға әсері болған жоқ.
20 жылдан бері қоғамдық бірлестік ретінде қызмет етіп келген Ғылым академиясының қызметкерлері қысқарып, ғылымның мәселелері қордаланып қалған. Ал ғылымсыз экономиканың алға баспайтыны анық. Соны ескерген Мемлекет басшысы былтыр 1 маусымда академияның 75 жылдық мерейтойлық сессиясында Академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын. Жақында ғана жаңа мәртебе Президент Жарлығымен бекітілді.
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:
- Бүкіл қордаланып қалған, 20 жылдай жиналып қалған мәселелерді осы ғылым жағындағы Ғылым академиясындағы Президенттің ең жоғары деңгейде шешіледі. Егер де Ғылым академиясына осындай көмек болып жатса, енді ғылым біздің экономикалық әлеуметтік мәселелерді шешуге кіріседі. Жақсы нәтиже алу үшін көп еңбек етеді.
Енді іргелі Ғылым Академиясы Президентке тікелей бағынады. Әрі бюджеттен қаржыландырылады. Президент жанындағы Академия бұдан былай әлеуметтік-экономикалық дамуға сәйкес ғылыми-техникалық, инновациялық, стратегиялық, іргелі және қолданбалы зерттеудің басым бағыттарын айқындайтын ұсыныстар әзірлейді.
Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі:
- Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашанда ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды деген. Біз қазір Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құрамыз деп жатырмыз ғой, соның бәрі сайып келгенде ғылымға негізделуі керек. Мемлекет басшысының қазір ғылымды бірінші орынға шығарып отырғаны бұл экономиканы, елді дамытамын деген сөзі.
Қайта құрылымдауға сәйкес Ұлттық Ғылым академиясы еліміздің жоғары ғылыми ұйымы болып табылады. Оның Президентін Мемлекет басшысы тағайындайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон