Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары қайта жаңғырды. Үш күнге жоспарланған мәдени іс-шарада көшпенді өркениеттің ұмыт болған салты мен әдет-ғұрпын тамашалап, дала шеберлерінің қолөнер туындыларымен танысуға мүмкіндік бар.
Лейла Тәженова ши тоқу өнерін 15 жыл бойы насихаттап келеді. Ақжаулықты аналардан қалған асыл мұраны кейінгі буын ұмытпай, ұрпақтан ұрпаққа жалғап әкеткенін қалайды. Қолөнер шебері «Сыбаға» дәстүрлер фестивалі аясында өткен көрмеде ши тоқудың қыр-сырымен бөлісті.
Лейла Тәженова, қолөнер шебері:
-Шиді кептіреміз, аршимыз, тазартамыз. Содан кейін эскиз, сурет саламыз да сол суретке қарап әр таяқшаны түрлі түсті жүнмен орап тоқып шығамыз. Мұндай шиді киіз үйінде сықырлауық бар ғой соның сыртына әдемі безендіру үшін және жел өткізбеу үшін қолданған. Жиырма бірінші ғасырда мұны әдемі панно ретінде жарға ілуге болады.
Фестивальдің алғашқы «Тағылым» күні оқу орындарында өтті. Оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптейтін танымдық сабақтар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылған. Ал «Дәстүрлер жаңғырығы» деп аталған екінші күні қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұлттық киімдердің сән көрсетіліміне ұласты. Отандық және шетелдік дизайнерлер этнобағыттағы топтамаларын көрсетті.
Жаннұр Исламғалиева, конструктор-модельер:
-Біздің басты мақсатымыз бұрынғы қалып кеткен ұлттық киімдерді жаңаша стильде, әрбір орнаменттің түрін заманауи үлгіге келтіріп барлығын жасап жатырмыз. Үлттық киімді дәріптеп, күнделікті киетіндей етіп жасап жатырмыз.
«Сыбаға» фестивалі өңірде екінші рет өтіп жатыр. «Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі» екендігін атап өткен облыс әкімі Асхат Шахаров дала философиясын жаһандану заманымен ұштастыруды мақсат тұттық дейді.
Әлібек Бәйнешов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
-Ғылыми прогресс қанша дамығанымен дәстүрімізді, ғұрыпымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуіміз қажет. Бүгінгі ұрпаққа жеткізетін үлкен шара облыс көлемінде өтіп жатыр. Қала орталығында, облыс орталығында және аудандарда өтіп жатқан шара.
Дәстүрлі шара биыл халықаралық сипатқа ие болды. Көшпенді мәдениеті қатар дамыған көршілес Қырғызстан елінің өкілдері де қатысты. Фестиваль қонақтары «Көнеден жеткен дәм» гастро-байқауынан дәм татты.
Құралай Берекеш, кәсіпкер:
-Ұмыт болған ұлттық тағамдар бағытында болғандықтан бүгін міне балық өнімдерін алып келіп отырмын. Ата-бабаларымыз өзен жағалағанның өзегі талмайды дейді. Қарма бұл ақ балықтан дайындалады. ақ балық деген майлы болады. Сондықтан өзінің майына қуырып, бұл сол заманда, біз енді көшпелі халықпыз ғой, сол кезде жолға алып жүруге өте ыңғайлы азбайтын тағам.
«Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі ұрпаққа рухани тәрбие беруге бағытталған. Қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайтуды көздейді. Халық жадындағы дарқан дәстүр қайта оралып, атымтай жомарт жандар соғымнан сыбаға таратты.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов