Хабар телеарнасы

Қазақстанның ғарыш саласындағы қадамы қандай?

Бүгін – адам баласының алғаш рет ғарышты бағындырған күні. Әрі ол қазақ жерінен ұшты. 1961 жылы 12 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан, Юрий Гагарин ғарышқа аттанды. Араға 30 жыл салып, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты. 

Елімізде ғарыш саласын дамыту мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Тәуелсіздік жылдары 4 бірдей ірі бағдарлама жүзеге асырылды. Алайда соңғы кездері бұл бағытқа көңіл бөлу кеміп қалған секілді. Себебі ақырғы бағдарламаның аяқталғанына тура 10 жыл болса да, содан бері саланы ілгерілетуге бағытталған бірде-бір жоба іске асырылған жоқ, - дейді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 2025 жылғы бюджетте мүлдем қаржы көзделмеген. Ғылыми зерттеу және конструкторлық қызметтерінде бұрын басталған жобалардың аяқталмай қалу қаупі бар. «КазСат-2», «КазСат-3» спутниктерінің ресурстары 2026 жылға дейін ұзартылды. Алайда, мемлекеттік қолдаудың болмауынан «КазСат-3Р» спутнигі ұшпай қалуы мүмкін.

Тіпті, қазіргі су тасқынының алдын алу үшін спутниктік бақылауға мемлекеттен қаржы бөлінбепті. Мұны «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы мәлімдеді. Дегенмен, еліміздегі ғарыштық байланыс орталықтарының жұмысы тоқтаған жоқ. Олар Қазақстанды қазір байланыстың барлық түрімен толық қамтамасыз етіп отыр.

Нұркен Исмаилов, Республикалық ғарыштық байланыс орталығы бөлімінің жетекші инженері:

- Барлық елдерде мұндай ғарыш аппараттары жоқ. Бізде бір емес, екі бірдей ғарыш аппаратымыз бар. Құдай қаласа тағы болады деген үміттеміз. Өзіміздің ғарыш аппараты арқылы Қазақстан республикасының ұзақ ауылдарына таулардың іргесінде орналасқан, ешқандай басқа байланыс түрі бармайтын соларға біз байланыс береміз. Телевидение береміз.

Елімізде «KazSat» жер серіктері мен басқа да ғарыш аппараттарын басқаратын  «Ақкөл» және «Көктерек» атты жер үсті кешені бар. Олардағы жүздеген маман, күндіз-түні ғарышпен байланыста. Ал Қазақстаннан неге көп ғарышкер шықпайды?

Бұл сауалға сарапшылар, экономикалық тиімділігі турасынан жауап берді. Айтуларынша, қазір ғарышқа адам ұшырғаннан гөрі шағын спутниктерді жіберген әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз. Бірақ, жер серіктерін көкке жөнелте беру бүгінде әлем үшін үлкен проблеманың туындауына сеп болып отыр. Себебі, орбита олардың қалдықтарына толып барады. Соңғы деректерге сенсек, төбемізде көлемі 10 сантиметрден асатын 30 мыңнан астам металл қоқыс ұшып жүр. Одан бөлек, ұсақ-түйегі қаншама. Ал, бұл жаңа жер серіктері үшін де қауіпті.

Дмитрий Сизов, ғалым:

- Келесі жылы әлемде орбитадағы қоқысты тазартудың алғашқы кезеңі басталады. Бұрын бұл жұмысқа инженерлік әдістер қолданылса, енді ғылыми шешімдер пайдаланылады. Себебі, орбитада асқан жылдамдықпен ұшып жүрген оларды ұстау оңай емес. Сол үшін біз қазір қалдықтарды қолға түсірудің математикалық моделін жасап жатырмыз.

Адамзат бүгінге дейін ғарыш кеңістігіне мыңдаған жер серіктерін ұшырды. Қазір орбитада жұмыс істеп тұрған 4 жарым мыңнан астам спутник бар. Ал ғарышқа 336 әуе кемесімен 1 мыңнан астам адам ұшты. Әлемдегі ең ірі космодром - "Байқоңыр" ғарыш айлағы екенін екінің бірі біле бермейді.

 

Авторлар: Дамир Берікұлы, Ерлан Наурызбаев.