Хабар телеарнасы

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Түлектердің бабы мен бағы сыналатын сәт. Еліміздің 14 өңірінде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Оған қатысу үшін 330 мыңға жуық өтініш түскен. Тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Ал тасқын болған 6 өңірде тестілеу мерзімі 25 мамырдан 12 шілдеге дейін ұзартылды. Білім бәйгесіне қатысты қандай жаңашылдықтар бар?

Толқытар сәт. Жылдар бойы алған білімін түлектер 4 сағатта кәдеге асыруы қажет. 120 сұрақ. Ал одан кейін... Қобалжу. Қуаныш. Мұңаю. Мына көріністен-ақ ҰБТ басталғанын бірден аңғарарсыз.

Биыл ел мектептерінен 186 мыңнан астам түлек түлеп ұшса, соның 181 мыңы басты сынақтардың бірінен өтуге ниет білдірген. ҰБТ жылына бес рет өтеді. Бірақ бүгінгі сынақ маңызды. Себебі нәтижесі жақсы болса, ақылы емес, тегін негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді.

Жанна Есенбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- Биыл 112 мың грант бөлінді. Оның 79 мыңға жуығы бакалавриатқа, 13 мыңы магистратураға, ал 2 мыңға жуығы докторантураға берілді.

Бірақ сол көпті аңсатқан грантты ұтуға бәрінің мүмкіндігі тең бе? Биыл су басқан аймақтарда оқу қашықтан өтті. Балалардың дайындыққа тиісті уақыты болмаған соң, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелу мен тестілеу мерзімі ұзарды. Енді өтінішті 20 мамырға дейін тапсыру керек. Ал тестілеу 25 мамырдан 12 шілдеге дейін жалғасады.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ-ларға зардап шеккен өңірлерден 60% бала тапсырған. Жақсы баллдарды алған. Осы жыл үшін ғана шешім қабылдадық біз. Айталық6 сол балалар дайындалмай, дайындыққа уақыттары болмай, қазір тапсырса, қаңтар-наурыз айындағы баллы жоғары болса, сол баллмен грантқа тапсыра алады.

Сондай-ақ бұл аймақтардағы оқушылар аралық бақылау мен мектептегі емтихандардан босатылды. Тіпті негізгі тестілеуде грантқа ілікпей қалса да жақсы жаңалық бар.

Болатбек Абдрасилов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры:
- Су тасқыны болған 6 аймаққа министрлік тарапынан арнайы гранттар бөлінеді. Бұл мәселені қарастырып, министрлік, депутаттар тарапынан ұсыныстар болды. Оқытушылармен, оқушылармен кездесулер өткізіліп, осындай шешімдер қабылданды.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында түлектерді қадағалау үшін жасанды интеллект қолданылмақ.

Одан бөлек «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Бейнебақылау камерасындағы жазбалар 31 қазанға дейін жіті тексеруден өтеді. Егер талапкердің көшіргені белгілі болса, тестілеу нәтижесі жойылады. Ал мемлекеттік грант тартып алынады. Сондықтан талапкерлер өз біліміне сеніп, адал болғаны абзал.

Дана Әлиева