Елдің оңтүстік өңірлерінде ерте піскен көкөністі жинау басталды. Осылайша Үкімет күзгі жиын-терімге дейін 580 мың тонна өнім алып, нарықтағы сұранысты қамтуды көздеп отыр. Ал осы көктемде ел бойынша 23 миллион гектардан астам алқапқа дән себу көзделген. Әдеттегіше шаруаларға арзан жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқышпен өзге де қолдау көрсетіледі. Дегенмен болуы мүмкін құрғақшылықпен қалай күрес жүреді?
Көктемгі дала жұмыстары елде қалыпты жүріп жатыр. Бұл жолғы науқанды қаржыландыру үшін 7 мыңнан астам өтініш түсіп, бүгінге дейін 385 млрд теңге бөлінген. Қаржыландыру биыл әдеттегіден ерте басталды.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру арқасында шаруалар негізгі ресурстарды, яғни тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен ауыл шаруашылығы техникасын қолайлы бағамен алып үлгерді. Шаруаларды жеңілдетілген қаржыландыруға 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысуда. Оларға фермерлерді қаржыландыру үшін 131 млрд тг бөлінді.
Жалпы биыл егіс алқабының аумағы 23,7 млн гектар көлемінде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Ал жемшөп және майлы дақылдардың көлемі 3,3 млн, күнбағыс 1,4 млн, дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға егу жоспарланған. Шаруалардың қолындағы техниканың 99 пайызы науқанға дайын. Ал көкөніске қатысты жағдай басқаша. Әсіресе оның нарықтағы бағасын реттеу үшін отандықтың өнімді арттыру қажет болып отыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Елдің оңтүстік өңірлерінде ерте піскен көкөністерді жинау басталды. Тек Түркістан облысында 38 мың тоннадан астам қырыққабат алынған. Жалпы 580 мың тонна өнім жинау жоспарда. Бұл күзгі жиын-терім уақытына дейін маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, дүкен сөресіндегі көкөністің бағасына да әсері болады.
Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын қалыпты жүргізуге жағдай жасалған. Қажетті тыңайтқыш пен 400 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр. Бірақ екі жайт алаңдаушылық тузығады. Оның бірі – 2 млн гектардан астам алқапқа шегірткенің таралуы. Әсіресе Түркістан мен Жамбыл өңірінде жиі байқалған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өңірлердің әкімдермен бірлесіп сапалы мониторингті профилактикалық және қорғау шараларын жүргізуді қамтамасыз ету керек. Шегірткенің таралу болжамдарын үнемі жаңартып, жедел шаралар қабылдау үшін ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Дәл қазіргі сәтті мына Түркістан және Жамбыл облыстарына көңіл бөліңіздер.
Шаруалар үшін қуаңшылық мәселесі де өзекті. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, оңтүстік өңірде топырақ ылғалдылығының жеткіліксіз болуы егіс алқаптарында су тұтынуды 50 пайызға арттырды. Су қоймаларында жиналған су көлемі де жылдағыдан 171 млн текше метрге аз. Ал Экология министрлігінің мәліметінше, он өңірдің кей бөлігінде құрғақшылық болуы мүмкін.
- Дихандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз етудің маңызы зор. Климаттық сын-қатерлердің күшеюі мен қолжетімді су ресурстарының қысқаруы жағдайында вегитациялық кезеңнің сәтті өтуі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бұл мәселені шешу жүйелі тәсілді қажет етеді. Ылғалды көп талап ететін дақылдарға тәуекелділікті азайту шараларын қабылдау ғылыми институттарды жұмылдыра отырып, фермерлердің құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларға көшу бойынша жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек.
Көктемгі науқанды белгілі мерзімде аяқтау – басты назарда. Бұл міндеттің сапалы орындалуын өңірлер бақылауға алған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков