Қарағандылықтар көпір қауіпсіздігіне алаңдап отыр

  • 27
  • 13.05.2025, 18:53

Қарағандылықтар қаланың орталығы мен оңтүстік-шығысын жалғайтын көпірдің қауіпсіздігіне күмәндануда. Себебі өткелдің кейбір бетон тіреулері опырылып тұр. Күн сайын көпірмен мыңдаған көлік қатынайды. Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар ма? Өткел қашан жөнделеді?

Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірдің қазіргі сиқы осы. Бетон тіреулері опырылып, арматурасы тозып тұр. Жел мен жаңбыр темірді шірітіп жіберуі мүмкін. Өткел өткен ғасырдың 70-і  жылдары салынған. Ол кезде қазіргідей көп көлік қатынамайтын. Шамадан тыс салмақтан өткел кез келген уақытта сыр беруі мүмкін, - дейді мамандар.

Төлеген Әшімов, құрылысшылар қауымдастығының президенті:

- Бұның барлығына жөндеу жасау керек. Анау жердегі ашық тұрған арматура болмайды. Оны жабу керек. Арматураны кемі 5 сантиметр бетон жауып тұру керек. Болмаса, ертең тот басады. Ол сосын ертең мүмкіншілігі әлсірейді. Оның барлығын ретету керек. Сосын әлгі неше түрлі жаңа технологиялар бар. Бетон деген мынау тірі организм сияқты. Оны құлатып тастап, жаңадан салуға болады немесе емдеуге болады.

Биыл Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 150 миллион теңге бөлінген.

Григорий Ботнарь, ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Көпір берік тұр. Ешқандай қауіп жоқ. Алдымен үстіндегі қуыстарын бітеп, тегістейміз. Содан кейін тіреу бетонындағы арматурасы ашық тұрған жерлерін ретке келтіреміз.

Қала үлкейіп келеді, жолдағы кептелісті жою үшін тағы екі көпір салынуы қажет, - дейді тұрғындар.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Бұл қаладан Майқұдыққа келетін айналма жол бойындағы теміржол өткелі. Пойыздар көп қатынайтындықтан жиі жабылады. Уақытын кептелісте өткізетін жүргізушілер мұнда көпір салып берсін деп жылдар бойы өтініп келеді. Алайда құрылысты бастауға қыруар қаражат қажет.

Блиц-сауалнама:

- Мост керек. Мына Майқұдықтан қалаға қатынау өте қиын.

- Мына жерде енді қашан келсең де үнемі кептеліс. Екі жақтан пойыздар жиі өтеді. Сосын тұрғаны бүкіл көлік.

Қала бойынша 13 өткел, 3 көпір бар. Техникалық тексерістен кейін биыл 1 көпірге ағымдағы, екеуіне күрделі жөндеу жүргізіледі.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит