Алматыда ашық аспан астында балет үйірмесі ашылды

  • 47
  • 13.05.2025, 18:40

Алматыда ерекше балет үйірмесі ашылды. Ашық аспан астындағы балет сабағына кез келген адам қатыса алады. Би үйірмесін балет артисі әрі жарты ғасырлық тәжірибесі бар педагог Алмат Құмаржанов жүргізеді. Қазір қатысушылардың қатары да көбейіп келеді. Сабақ Тереңқұр аллеясында өтеді. Таза ауа, арайлап атқан күн нұры үйірмеге қатысушыларды шабыттандыра түседі. Хореографиялық залда өтетін балет сабағы осылайша табиғатпен әдемі үйлесім тапқан. Биге келушілердің дені зейнеткерлер. Сондықтан балетмейстер Алмат Құмаржанов би элементтерін адам жасына лайық, аяқ-қол буындарын көп қимылдайтындай етіп ойластырған.

Алмат Құмаржанов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ хореография мұғалімі:

Біз бастаған кезде денені қыздырып алу үшін баяу музыка қойып, 3-4 минуттан кейін денені қыздырып біткен соң, жылдам қимылдайтын музыка қосамыз. Сосын балалар кішкене ентігіп қалған кезде қайтадан баяу музыкаға ауысып, дем алып, тыныс алуды қалпына келтіреміз. Осылайша музыка түрлерін ауыстырып отырамыз.

Алтын Бекәлиева, қала тұрғыны:

- Жасым 75-те. 74 жасымда өмірімде бірінші рет жаттықтырушы таптым. Бірінші жаттықтырушым – денсаулық бойынша маман, ал қазір бидің жаттықтырушысы бар, яғни екі жаттықтырушым бар. Өмірім айтарлықтай өзгерді. Тынысым ашылып, көңіл күйім көтеріліп, энергиям артып келеді.