Батыс Қазақстан облысында соңғы 3 жылда 12 білім ордасы жабылған. Биыл тағы 6 негізгі мектептің бастауышқа айналу қаупі бар. Шалғай ауылдардағы мектептер жабылса, шекара бойындағы елді мекендерден халық жаппай көшуі ықтимал. Мәселен, Жәнібек ауданы Талов ауылындағы 650 шәкіртке шақталған мектепте күні бүгін небәрі 57 бала білім алады.
Ғабит Сарыбаев атындағы орта мектепте 11-сынып екеу. Бірі орыс, бірі қазақтілді. Екеуінде де екі оқушыдан қалған. Мектептегі ең тыныш сынып біздер, өйткені шулайтын ешкім жоқ, - деп әзілдейді 11 «а» сыныбының шәкірттері Жанель мен Ұлжан.
Ұлжан Айтәлиева, 11-сынып оқушысы:
- Екеуміз көп үндемейміз, тек сабақ оқи береміз. Дене шынықтыру сабағында екі оқушы болған соң, қызықсыз болады. Жаңа жылда қатысқанда да тек екеуміз.
Талов ауылында 1981 жылы үшқабатты мектеп салынғанда 650 оқушы оқыпты. 90 жылдардың ортасынан бастап бала саны біртіндеп кеми бастаған. Осыдан 5 жыл бұрын 180 шәкірт болса, қазір 57 бала қалыпты. Алдағы жаңа оқу жылында одан да азаяды. Өйткені биыл бірінші сыныпқа баратын балдырған жоқ. Ал норматив бойынша орта мектепте 81 баладан кем болмауы тиіс.
Қымбат Жолдыбаева, кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Енді 4-5 жыл турасында осы мектепті қалай да ұстап қалуға байланысты хат жазып, жан-жақтан дабыл қақтық. Осының нәтижесінде заңға сәйкес келмесе де 11 жылдық мектеп болып келе жатырмыз. Халықтың біздің ауылдан көшуіне байланысты. Басты себеп – жол қатынасы. Екінші осы 4-5 жыл турасында басты көкейкесті мәселе болған – ақбөкендер.
Асқар Сәрсенғалиев, Талов ауылының әкімі:
- 2-3 мыңға жуықтаған халық болған. Күні бүгін 680 адамды құрап отыр. Бұл дегенің 177 аула. Халықтың көшуіне жұмыссыздық та әсер етеді. Екінші үлкен мәселе – киік мәселесі. Талов ауылы бойынша 33 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Осы барша қожалықтарға мал азығын дайындау үлкен қиындықтар тудырып отыр. 2024 жылы 14 отбасы көшіп кетіп отыр.
Егер ауылдағы 11 жылдық мектеп 9 жылдыққа айналса, көшем деушілер саны одан да артары анық. Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша биыл өңірдегі 6 орта мектеп негізгіге, 6 негізгі мектеп бастауышқа айналуы ықтимал.
Жадыра Бекжанова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Сарыбаев мектебі шекара маңында орналасқан. Бұл жерде оқушылардың саны нормативке сәйкестендіру жұмысы жүргізіледі. Егер тиісті 81 оқушыға жетпейтін болса, негізгі білім беру ұйымына айналдыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. 13 мектеп нормативке сәйкес келмей тұр.
Ауыл әкімі халық санын көбейту үшін шекара бекетін ашуды ұсынып отыр. Әрі «Қаладан – ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануды, яғни көпбалалы отбасыларды көбірек көшіруді сұрайды.
Жалпы Орал өңірінде 405 ауылдық елді мекен болса, соның 105-і шекара маңында орналасқан. Ол ауылдарда 104 мың халық өмір сүреді.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов