Ақмола облысында ауыл тұрғындары қайықпен қатынап жүр

  • 34
  • 13.05.2025, 18:31

Ақмола облысында бірнеше ауылдың тұрғыны аудан орталығына қайықпен қатынап жүр. Себебі Есіл өзені арқылы өтетін көпір апатты жағдайда. Ол былтырғы су тасқынынан бұзылған. Осылайша Қазақстан және Терісаққан ауылдарының жұрты қазір қиындық көріп отыр. Ал жаңа көпір қашан салынады? 

Былтырдан бері жол азабын тартып келе жатқан ауыл халқы қазір әбден ашынған. «Көпір мүлдем қирап қалған жоқ қой, бір шетінен жеңіл көлікпен өте берсек», - дейді. Бірақ оған жергілікті билік өкілдері рұқсат бермейді. Себебі арнайы мамандардың сараптама қорытындысы бар. 

Амантай Досанов, Терісаққан ауылының тұрғыны:

- Былтырдан бері міне, 1 жыл өтті. Былтыр күттік. Бір жыл кетті, 2024. Биыл 2025, жартысына кеп қалдық. Бұл қай уақытта істеледі? Әлі тендерге салынады, әлі 2-3 жыл отырыңдар, - дейді. Сонда 2-3 жыл біз қалай отырамыз?

Бір шеті опырылған көпірден халық қазір амалсыз шекарадан өткендей жаяу өтуге мәжбүр. 

Дархан Әлішев, Қазақстан ауылының тұрғыны:

- Сол ары жақтан келеміз, көлікті қоямыз. Сосын мына жақтан көлік іздейміз. Енді түсінесіздер ғой, әр адамның өз шаруасы бар. Бүгін хабарласасың, келеді де көмектеседі. Келесі күні хабарлассаң, келеді де көмектеседі. Арғыкүні көмектесе алмайды. Келген сайын такси жалдасаң не болды? Қазір егістікке дайындық жүріп жатыр. Шыны керек, бос адам таппайсың. 

Ал өзеннің басқа тұсынан аптасына екі күн қайық қатынайды. Бірақ ол тіпті қауіпті, - дейді тұрғындар. Өйткені ағыс қатты. Халықтан естіп, білгеніміздей, Есілден қайықпен өту былтыр ғана пайда болмапты. 

Гүлбарам Смағұлова, Терісаққан ауылының тұрғыны:

- Осыдан 7-8 жыл бұрын біздің ауылдың бір жігіті сол қайықтан аударылып кетті. Ал енді қайықпен кемпір, шалды тасу деген. Біреуде қазір паникалық жағдай басталса, ол жұрттың бәрінде паника болады. Сол қайықта отырғандардың бәрі суға кетуі мүмкін.

Әбден титықтаған халық қашанғы бұлай азап көреміз, - деп налиды. Ал Қазақстан және Терісаққан ауылдары мен олардың бөлімшелерінде 300-ден астам адам тұрады. 20 мыңға жуық мал басы бар. 100 гектардан астам жерге егін егіледі. Көпір болмаса, тіршілігіміз тұралайды, - дейді ауылдықтар.

Бақтияр Қасенов, Жақсы ауданы әкімінің орынбасары:

- 2024 жылдың қыркүйек айында «ҚазжолҒЗИ» көпірді апатты деп таныды. Ал жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Ол қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оған 45 күн кетеді. Одан өтсе, тиісті қаражат бөлінсе, 1-1,5 ай шамасында тендер жарияланады. Содан кейін барып құрылысы басталуы мүмкін. Бірақ бұл жұмыстың бәрімен Ақмола облысының автомобиль жолдары басқармасы айналысады.

Аудан әкімінің айтуынша, жаңа көпір салу үшін шамамен 10 млрд теңге қажет. Ал ондай қаржы аудандық бюджетте мүлдем жоқ. Сондықтан керекті қаражат республикалық қазынадан сұралуы мүмкін.

Жергілікті билік өкілдері әбден әбігерге түскен халықты жақында су тартылып, айналма жол ашылады, - деп жұбатып отыр. Бірақ ол да шілде болмай іске қосылмайды. Әрі қысқа дейін ғана жарамды. Біз де бұл мәселені назарда ұстаймыз. 

Дамир Берікұлы, Дархан Күнтуов