Қостанай облысындағы Әулиекөл орманында алапат өртте күйген ағаштарды кесу ісі алты айдан бері тоқтап тұр. Жұмыссыз қалған 150-ден астам маман не істерін білмей дал.
Кәсіпкерлердің айтуынша, биыл кесілетін ағаш учаскелерін аукцион арқылы өткізу тәртібінің енгізілуі осындай келеңсіз жағдай тудырған.
Осыдан үш жыл бұрынғы алапат өртте Әулиекөл ауданында 40 мың гектарға жуық орман алқабы жанып кеткен болатын. Мемлекет басшысы қысқа мерзімде орман ішін тазартып шығуды тапсырды. Бірден қызу жұмыс басталды. 150-ден астам бригада ағаш кесумен айналысты. Бір Әулиекөлдің басында 70-ге жуық ағаш тілгіш цех ашылды. Биыл соның бәрі тым-тырыс. Себебі ағаш кесуге тыйым салынған.
Нұрлан Исаханов, кәсіпкер:
- Біз дос баламен аштық үш пилорама, одан кейін тағы да екі пилорама қойдық. Бес пилорама ғой. Соның бәрін ақшаға алдық қой. Жұмысшы адамдар бар. Ағаш жоқ, сәйкесінше жұмыс та жоқ.
Бәкібай Омаров, кәсіпкер:
- Тракторларымыздың көбі лизингте. Оның бәрін төлеу керек. Қазір мынау ағаш құлап, шіріп өтпейтін болса, қалады ғой ол мойнымызда. Аукционды күтіңдер дейді. Бітті. Бір әңгіме аукцион. Ал ол аукцион әне болады, міне болады. Сол әлі сәуірден бері келе жатыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Мамандардың айтуынша, күйген ағашты әрі кеткенде екі-үш жылдың ішінде кесіп алу керек. Одан кейін шіріген ағашты ешқандай кәдеге жарата алмайсың.
Орман шаруашылығы басшысының айтуынша, үш жылдың ішінде от шалған ағаштардың шамамен 30-40 проценті оталған. Әлі де қара күйе діңгектердің қарасы көп. Енді олар бұрыңғыдай келісімшартпен емес, аукцион арқылы бөлінетін болды.
Қалымжан Қазбеков, «Семиозер орман шаруашылығы» КММ басшысы:
- Қазір бізде 337 жер телімі дайын, олардың орнын белгілеу үшін бағаналар орнатылған. Тізімдер бар, құжаттар дайын. Жалпы көлемі шамамен 350 мың текше метр болады. Барлық сұранысқа жететіндей. Бұл заңға сәйкес. Біз бағасын қоймаймыз, оны тәуелсіз сараптама анықтайды. Бізден құжаттарды алып, қарап жатыр.
Аукционның мақсаты – жемқорлыққа жол бермеу, ағаш дайындау ісінің ашықтығын қамтасыз ету деп түсіндіреді. Бірақ сол бәс сауданың қашан өтері белгісіз. Бір қуанарлығы, жас өскіндер бүр жара бастапты. Олар бой алып кетуі үшін орман ішін күйген ағаш қалдықтарынан тезірек тазарту маңызды, - дейді мамандар.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг