Хабар телеарнасы

Жыл соңына дейін Атырау облысында 5 мектеп пайдалануға беріледі

Биылғы жылдың аяғына дейін Атырау облысында 5 мектеп пайдалануға беріледі. Осылайша, 2024-2025 жылдары жоспарланған жаңа мектептерде 12 мың оқушы орналасады. Дегенмен облыста мектепке сұраныс жыл санап артуда. Қазір 10 мектеп 3 ауысымда білім беріп жатыр. Жергілікті билік алдағы 2 жылда қосымша 9 мектеп ғимаратының құрылысын бастауды жоспарлап отыр.

Еркінқала ауылдық окгугіндегі 600 орындық мектептің құрылысы наурыз айында басталған еді. Қазір негізгі жұмыстың 70% аяқталған. Құрылыс алаңында 60 адам жұмыс істеп жатыр.

Жанболат Тұрғантай, мердігер мекеменің өкілі:
-Сыртқы инженерлік жүйелер, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі корпусы салынды, тас қалау жұмыстары бітіп тұр. Бұйырса, биылғы жылдың аяғына, 16 желтоқанға дейін бітіреміз бе деген ойымыз бар.

Атырау қаласының іргесіндегі елді мекендерде осындай 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар пайдалануға берілгенде 1800 оқушы орналаса алады. Дегенмен облыста 3 ауысыммен оқытатын 10 білім ошағы барын ескерсек, мектеп мәселесін толық шешуге уақыт керек.

Марат Әбуов, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- 3 ауысымды азайту мақсатында біз «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектепті жыл аяғына дейін тапсыруды жоспарладық. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 2 мектеп құрылысының біріншісі «Ақжар-2» ауылында және екінші мектеп Жылыой ауданында 600 орындық мектепті тапсыратын боламыз.

Мектеп құрылысы алыс аудандарда да жүріп жатыр.

Талғат Бисен,облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Индер кентінде 300 орындық мектеп, 200 орындық интернатымен. 320 орындық мектеп ол Есбол ауылында құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Көктоғай ауылында 120 орындық мектептің жапсаржай құрылысы жүріп жатыр.

Мектеп құрылысына өңірдегі мұнай компаниялар да тартылған. Олардың қолдауымен Талғайраң ауылында 900 орындық жаңа мектеп бой көтермек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов