Елімізде жылына шамамен 600 әйел жаман аурудың осы түрінен ажал құшады. Бүгін Ұлттық онкология орталығында бас қосқан сала мамандары бұл дертпен күресудің жолын талқылады. Айтуларынша, жаңа технологиялардың көмегімен жатыр мойыны обырын ерте анықтауға мүмкіндік бар. Сондықтан ақхалаттылар салауатты өмір салтын ұстанып, уақытылы скринингтен өтіп, аурудың алдын алуға шақырады. Сүт безі обырынан кейін екінші орында тұрған жатыр мойыны обыры адамның папиллома вирусынан туындайды. Мамандардың айтуынша, бұл ретте адамның папиллома вирусына қарсы вакцина өзінің тиімділігін дәлелдеген. Мысалы, бұл вирусты жұқтыру Австралия, Швеция және Шотландия елдерінде 80% төмендеген, ал жатыр мойны қатерлі ісігі 70% азайған.
Әділбек Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
-1-2 сатысында диагноз қоятын болсақ, онда емдеу жылдам болады, аз уақытта 1-2 айдың ішінде толық емделіп шығуға болады. Ал енді 3-4 саты боп кетсе, емдеу ұзақ болады және нәтижесі де төмендейді. Қазақстанда жатыр мойыны обырының 15-20 пайызы 3-4 сатысы. Сондықтан біздің әйел адамдарымыз, қыздарымыз ертерек кеп қаралу керек, ертерек кеп диагнозын анықтау керек.