Қазақстанда 4 мың 600-ден астам адам донорлық ағзаны күту парағында тұр. Оның 119-ы - бала. Дәрігерлер бүйрек, бауыр, жүрек және өкпесін ауыстыру бойынша кезекте тұрған жандардың үмітін үкілеп, жігерлендірумен келеді. Трансплантация бойынша бізде мамандардың тәжірибесі жеткілікті. Мәселен, Шымкенттегі хирургтар айына 30 операция жасауға дайын. Алайда қазіргі көрсеткіш санаулы ғана. Себебі – донор тапшы.
Ерсұлтан Айдаров бұған дейін ауруханаға ауыр жағдайда келетін. Осыдан екі апта бұрын оған бүйрек ауыстыру операциясы жасалды. Бұл жолы ол ұзақ уақытқа созылатын гемодиализге емес, жоспарлы тексеруден өтуге келген.
Ерсұлтан Айдаров, қала тұрғыны:
- Диализ – өте қиын әрі күрделі процесс. Ол төрт сағатқа созылады және аптасына үш рет жасалады. Бұл кезде қан қолдан алынып, арнайы сүзгі арқылы аппаратта тазартылып, кейін қайтадан ағзаға жіберіледі. Ал операциядан кейінгі жағдайыма келсек, қазір бәрі жақсы. Екі апта болды. Тексерулерден өтіп, анализдерімді тұрақты тапсырып жүрмін. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жағдайым жақсы.
Ерсұлтан мәйіттік донорды ұзақ күтті. Осы аралықта ауруы асқынып, денсаулығы нашарлай түсті. Ақыры оның өмірін туған әпкесі құтқарды.
Бақытжан Позилов, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:
- Қазақстанда трансплантация саласында қазір екі мәселе бар. Оны ашық айту керек. Біріншісі – донор тапшылығы, яғни донорлар аз. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес донор тек жақын туыстары ғана бола алады. Яғни құжат жүзінде расталған әке-шешесі, аға-інісі, әпке-сіңлісі немесе ерлі-зайыптылар бір-біріне ағза бере алады. Ал бөтен адамның ағза доноры болуына заңмен рұқсат етілмейді. Бұл өте дұрыс.
Осыдан 13 жыл бұрын Шымкенттегі бұл ауруханада бүйрек трансплантациясы бойынша алғашқы операция жасалған еді. Бүгінде мұндай оталар қалыпты тәжірибеге айналды. Осы жылдар ішінде шымкенттік хирургтер ағза алмастырудың күрделі түрлерін меңгеріп, қазір бауыр мен жүрек трансплантациясын да жасай алады.
Рахымжан Үмбетжанов, хирург-трансплантолог:
- Статистика бойынша, жыл сайын жүзге жуық адам диализге тәуелді болады. Бұл – еліміз үшін өзекті мәселе. Оны шешу барысында көптеген науқастың ата-анасы немесе бауырларының ағзалары сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі. Сондықтан мәйіттік трансплантацияны дамытсақ, өз қандастарымыздың, соның ішінде Шымкент қаласы тұрғындарының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.
Александр Баялиев алты жыл бойы гемодиализ қабылдады. Оның барлығы 2018 жылы қан қысымының жоғарылауынан басталған. Күтпеген жағдайға тап болған науқасқа отбасы үлкен қолдау көрсетті. Туған бауыры оған өз бүйрегін беруге шешім қабылдады. Алайда Александр бірден келісім бере алмады. Ұзақ ойланып барып, бұл қадамға баруға келісті.
Александр Баялиев, қала тұрғыны:
- Бізге сәті түсті, бауырымыз донор болды. Ал кейбір адамдардың тіпті туған бауыры жоқ. Болған күннің өзінде, олардың өздері де науқас болуы мүмкін. Бүйректі кез келген адам бере алмайды. Менің жағдайымда бауырым бүйрегін берді. Әрине, алдымен оның денсаулығын тексеріп, осы бүйректі беруге жарамды ма, жоқ па - соны анықтайды.
Шымкенттік хирургтардың жыл сайын 30 трансплантация жасауға мүмкіндіктері бар. Ал іс жүзінде жылына шамамен алты ғана операция жасалады. Оның басты себебі - донорлық ағзалардың тапшылығы. Дәрігерлер бұл жағдайды тек мәйіттік донорлықты дамыту арқылы өзгертуге болады деп есептейді. Әйтпесе, бүгінде кезекте тұрған көптеген науқас екінші мүмкіндікке қол жеткізе алмай қалуы мүмкін.
Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов