Елдің оңтүстігінде медициналық инфрақұрылым жаңартылады. Шымкентте ана мен жаңа туған нәрестелерге жоғары деңгейде көмек көрсетуге арналған перинаталдық орталық салынып жатыр. Түркістан облысында да көпбейінді аурухана мен перинаталдық орталық құрылысы басталды. Ірі жобалар Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Демографиялық өсімі жоғары өңір үшін заманауи перинаталдық орталық қажет. Мемлекет басшысы мәселеге мән беріп, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жаңа деңгейге көтеруді тапсырды. Осыған орай, халықаралық стандарттарға сай 38 мың шаршы метрлік медициналық кешеннің құрылысы қолға алынды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл қаңтар айында алаңға арнайы капсула салынған болатын. Бүгінде нысанның іргетасы қаланып, негізгі қаңқасы тұрғызылды. Ауқымды жобаны мерзімінде тапсыру үшін күшейтілген жұмыс кестесі бекітілді.
Үшқабатты ғимарат 200 төсек-орынға шақталған. Құрылыс жобасына сәйкес, кешен озық үлгідегі медициналық жабдықтармен жарақтандырылып, арнайы зертханалық-диагностикалық бөлімшемен қамтылады. Сала мамандарының пайымдауынша, бұл өңірдегі акушерлік және неонаталдық жүктемелерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Инна Глазебная, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл ең алдымен, ана мен балаларға, жаңа туған нәрестелерге медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ неонаталдық хирургияны, зертханалық қызметті және генетиканы дамытуға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша құрылыс келесі жылдың соңында аяқталып, жаңа технологияларды енгізуге жағдай жасайды.
Мегаполисте жыл сайын 30 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, балалар мен жасөспірімдердің үлесі артып, халықтың 40%-не жетті. Түркістан облысында да тұрғындардың туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан медициналық инфрақұрылымды дамытып, ана мен бала денсаулығын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Нұрсұлтан Кенжебаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнде басталды. Сонымен қатар Ордабасы ауданы Темірлан ауылында Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес 200 орындық перинеталдық орталық құрылысы жүргізіліп жатыр.
Президент тапсырмасы бойынша фармацевтика өндірісін кеңейтіп, отандық дәрі-дәрмек үлесін арттыруға 39,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жоба аясында онкологиялық, жүрек-қантамыр, инфекциялық және созылмалы ауруларды емдеуге арналған препараттар шығарылып, дәрілік заттардың қауіпсіздігін нығайту жоспарланған.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов