Құралай Жұмахан, тілші:
- Енді дәрігерді немесе жедел жәрдемді үйге «103» нөмірі арқылы ғана емес, мобильді қосымшалар, мессенджерлер мен чат-боттар арқылы, оның ішінде геолокацияны жолдау арқылы шақыруға болады. Диспетчер бригаданы шақыртуға жібергеннен кейін пациентке автоматты түрде хабарлама барады. Ондағы сілтемені бассаңыз, интерактивті карта ашылады. Сол арқылы бригаданың орналасқан жері мен қозғалысын бақылай аласыз. Жоба қолға алынған 3-4 айдың ішінде 17 мың хабарлама жіберілген. Пилоттық жоба Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында басталған еді. Енді Қазақстанның барлық өңірін қамтымақ.
Асхат Сапаров, ҰШМҮО басқарма төрағасының шұғыл көмекті үйлестіру жөніндегі орынбасары:
- Өте қиын, қатал жағдайдағы 10 минуттың ішіндегі жедел жәрдем баратын сол категорияға қатысты. Себебі шақыртқан адам өте қиналып жатқан кезде мобильді бригаданың қай жерде келе жатқанын, қанша уақытта келетінін қайта-қайта білгісі келіп, диспечерлік орталыққа хабарласады. Сол кісілер смс арқылы бригаданың шыққан уақытын, қай жерде келе жатқанын көре алады.
- Жедел жәрдем көрсету ережелерінен «шұғыл көмектің төртінші санатындағы шақырту» ұғымы алынып тасталады. Оның орнына «шұғыл жағдай» ұғымы енгізіледі. Яғни 4-ші категорияға, пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдайда емханалардағы бригадалар қызмет көрсетеді.
Емханаларға жіберілетін шақыртулар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін, ал сенбі күні 08:00-ден 12:00-ге дейін тіркеледі. Егер шұғыл шақырту емханалардың жұмыс уақытынан тыс кезде түссе, оған жедел медициналық көмек станциясының бригадасы қызмет көрсетеді. Пациенттің міндетті түрде тіркелген мекенжайында болуы шарт емес.
1-санаттағы пациенттерге 10 минут, 2-санатқа 15 минут, 3-санатқа 30 минут, шұғыл жағдайларға, яғни, 4-санаттағыларға 60 минут ішінде медициналық қызмет көрсетіледі.
Бекжан Наметов, «Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы» ШЖҚ РМК бөлім меңгерушісі:
- 4-ші категория бойынша бұл жерде өмірге тікелей қауіп төндіретін ауруларға жедел жәрдем бригадалары, өмірге тікелей емес қауіп төндіретін жағдайларға поликлиникадағы мобильді бригадалар қызмет атқарады. Осыған байланысты науқастар қай поликлиникаға тіркелгеніне байланысты емес, тұрақты жері брйынша қызметтер атқарылады. Мысалы, Астанаға қонаққа келді, тұрып жатқан жері басқа, яғни басқа поликлиникаға тіркеліп тұр. Емханаға науқастың тіркелуі міндетті емес, тек тұрғылықты жері бойынша қызметті ала алады.
- Жаңа ережеде ата-анасы ауруханаға алып кеткенде кәмелетке толмаған баланы уақытша қамқоршылыққа беру де қарастырылып отыр. Бала қарусыз жалғыз қалатындай болса, ол ішкі істер мекемелеріне тапсырылатын болады. Олар жеткіншектерді балаларға арналған ұйымға уақытша орналастырады. Енді мына статистикаға үңілсек.
Елімізде соңғы 6 айда дәрігерге шабуыл бойынша 15 дерек тіркелген. Оның 8-інде қылмыстық іс қозғалып, 5 адам дене жарақатын алған. 7 іс бойынша әкімшілік іс қаралған. Міне, осындай жағдайдың алдын алу үшін енді медицина қызметкерлері түгелдей мобильді камера, бейнежетон, рациялармен қамтамасыз етіліп отыр.
- Пациент пен жедел жәрдем бригадасының арасындағы қарым-қатынасты тәртіпке салатынын көріп жатырмыз. Себебі оқиға болған кезде бәрі жазылып алынады. Мобильдік бригаданың іс-қимылы дұрыс көрсетілді ме, іштегі аудит арқылы қарап, жұмысты жақсартуға, ұйымдастырушылық тәсілдерді жетілдіруге септігін тигізіп жатыр.
- Емханалардың мобильді бригадаларының көлігі де GPS және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады. Жаңа ереже сейсенбіде күшіне енеді.