Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында медицина маманы тапшы

Қарағанды облысында медицина маманы тапшы. Бұл туралы бүгін Ұлттық ғылым академиясы Президиумының көшпелі отырысында айтылды. Жиынға денсаулық сақтау, ғылым және жоғары білім министрлері, Сенат депутаттары, Қарағанды облысының әкімі, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының бірінші басшылары қатысты. Жиында тағы қандай мәселе қозғалды?

Қарағанды қаласында 5 мыңнан астам дәрігер мен 10 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Дегенмен акушер гинеколог, педиатр және бейінді мамандар жетіспеушілігі байқалады.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

-Ауыз толтырып айтатын жаңалығымыз – медицина қызметтерді цифрландыру. Телемедицинаның дамуы шалғай ауылдарға медициналық көмектердің баруына жол ашты. Биылғы жылдың өзінде облыстың алыс аудандарында тұратын 50 адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Біздің облыста алғаш рет «Damumed» мобильді қосымшасы әзірленіп, енгізілді. Бұл тәжірибе бүкіл Республика бойынша сәтті таратылды.

Қазір облыста 7 ахуалдық орталық бар. Жаңа ауданда аурухананың құрылысы басталған. Одан бөлек, қыркүйекте Италияда өткен арнайы конференцияда дәрілік заттар химиясы жөніндегі халықаралық орталықты Еуропадан Қарағандыға беру туралы шешім қабылданған. Мамандардың айтуынша, енді отандық фармацевтикалық өндіріске инвестициялар тарту мүмкіндігі көбейеді.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті:

-Ең көп таралған аурулардың алдын алу мен емдеудің жаңа әдістерін іздеуді басты назарға қоюымыз қажет. Ғылыми әлеуетімізді дамытумен қатар халықаралық зерттеу ынтымақтастығы аясында алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені трансферттеуге баса назар аудару қажет.

Көшпелі отырыс жұмысының нәтижесінде резолюция қабылданып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жол картасы әзірленетін болады. Сондай-ақ медицина ғылымын дамыту, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері бойынша Үкіметке аналитикалық жазба дайындалады.

Авторы: Диана Қадыр