Қоқыстағы қалбыр әшекейге айналды

  • 5
  • 09.06.2026, 19:58

Арал өңірінде қоқысқа тасталатын алюминий қалбыр көздің жауын алатын ұлттық әшекейге айналып жатыр. Қарапайым еңбек пәнінің мұғалімі қалдықты кәдеге жаратудың тың әдісін ойлап тапқан. Шығармашыл ұстаз республикалық байқауда топ жарды. 

Сәнді тұмар, нәзік шашбау, шекелік пен белдік. Сырттай қарағанда, күміспен күптелген, бағалы металдан құйылғандай әсер береді. Бірақ бұл кәдімгі сусын ішіп, далаға тасталатын алюминий қалбырлар.

Қоқысты кәдеге жаратудың тың тәсілін Арал ауданындағы №71 орта мектептің мұғалімі Нұржан Балов ойлап тапқан. Ізденімпаз ұстаздың қолынан бүгінде жүзден астам зергерлік бұйым шықты. Бос құтыны балқытпай-ақ, ерекше өңдеу технологиясы арқылы екінші өмір сыйлаған.

Нұржан Балов, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:

- Облыстық семинарда ең алғаш көрсеткен болатынбыз, сол кезде жоғары бағасын алды. Одан кейін, енді «өнер иірімсіз болмайды» дейді ғой, сол себепті түрлендіруге тура келді. Одан кейін жылда өтетін «Табиғатты аяла» деген конкурс бар. Соған байланысты осы бос құтыларды пайдаланып, жұмыстар жасап жатырмыз. Бір жағынан бұл экологиялық бастама болды. «Таза Қазақстан» сияқты жобалар бар. Соған байланысты оқушылармен әртүрлі іс-шаралар өткізіледі.

Бүгінде ауыл мұғалімінің бұл экологиялық бастамасы республикалық деңгейде мойындалып үлгерді. Әдетте қоқыста жататын металл қалдықтар қазір үлкен көрмелердің төрінін орын алған. Ұстаздың «Мектептегі эко-дизайн» идеясы үздік педагогикалық жоба ретінде бағаланды.

Салтанат Абдуллаева, мектеп директоры:

- Осы оқу жылында ұстазымыздың үлкен жетістігі – өзінің бұйымдары арқылы, қалдық заттардан әшекей бұйымдарын жасап, «recycle» әдісімен республикалық педагогикалық идеялар фестивалінде бірінші орынды жеңіп алды. Бұл – біздің мектебіміз үшін үлкен мақтаныш. Әріптесіміздің еңбегі барлық аудан ұстаздарына және мектебіміздің оқушыларына үлгі.

Жасыл экономика мен ұлттық құндылықты тең ұстаған білім ошағында қазір «Қайта өңдеу – таза болашақ» атты ауқымды жоба басталды. Аралдық жастар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, ұлттық қолөнердің қыр-сырына қанығуда.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин