«Таза Қазақстан» бірреттік экологиялық акция форматынан дәйекті мемлекеттік саясатқа айналды. Өйткені азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Премьер-министр Президент жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесте осылай деді. Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Жыл басынан ел аумағында 1 млн-нан аса ағаш отырғызылып, 4 млн-нан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара өткен. 76 мың гектардан аса аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық шығарылған. Қайта өңдеуге кеткені 116 мың тоннаға жуықтайды. Жалпы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы басталған 3 жылда елді мекендерде 5 млн 600 мың ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам көшет пен жас шыбық егілді. Бірақ экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы санмен емес, сапамен өлшенуі керегін нықтап тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- ҚР жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлыққа құқықтық қарау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру ел қызметінің негізгі қағидаты болып табылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда.