Хабар

2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5% болды

2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5 пайыз болды. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанынан бергі 6 жылда болған елеулі көрсеткіш. Ол сол кездегі Қазақстан Президентінің отставкаға кетуіне байланысты уақытша Президент қызметіне кіріскен еді. 

2019 жылдың 9 маусымында өткен кезектен тыс Президенттік сайлауда жеңіске жетіп, ресми Мемлекет басшысы атанды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақ елі осы уақыт ішінде коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті.

Өткен жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард доллар болды. Яғни еліміз табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады деп айтуға әбден болады. Шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда.

2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті. Алты жылда машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады. Бұдан өзге де басты жетістіктер жетерлік.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Біріншіден, әлеуметтік әділеттілікті орнату мақсатында Ұлттық қордан балаларға ашылған қордың ашылуы бұл өте маңызды қадам болды. Өйткені мемлекет ретіндегі біздің басымдығымызды айқындай түсті деуге болады. Екіншіден, бұл – Президент айтқан кіші заттар экономикасы. Экономикадағы өндіруші сектордың үлесі 60 пайыздан асып отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ алдағы уақытта да терең өңдеу өнеркәсіптерін ашу маңызды.

Иә, қай салаға болсын инвестиция тарту – ел дамуына оң әсер ететін негізгі фактор. Бірер күн бұрын Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті негізгі капиталға салынатын инвестиция 1,5 есеге ұлғайғанын айтты. Былтыр оның көлемі 19 триллион теңгеден асқан.

Инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынды. Осы уақытта 500-ден астам мектеп бой көтерді. 4400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынып, жөнделді. Жаңа темір жол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының билікке келгені саяси тарнсформацияға да жол ашты. Шешуші биліктегі тепе-теңдіктің орнауына қадам жасалды. Мысалы...

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

- Супер Президенттіктен кету. Яғни Президент өкілеттілігін шектеу арқылы. Одан бөлек елімізде жаңа саяси күштер пайда болу үшін партияларды тіркеуге межені түсіру. Сайлау жүйесінде мажоритарлы жүйе енгізілді. Нәтижесінде бір мандатты округтер мен депутаттар ғана сайланбайды, одан бөлек ауылдардың әкімдері тікелей сайлаудан өтті, аудан әкімдерінің пилотты режимдегі сайлаулары өтті.

Енді алдағы уақытта облыстық деңгейде де сайлау осындай формада өтеді. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында Президенттің өзі мәлім етті. Бұл елдегі демократиялық процестерді дамытудағы негізгі қадам.

Сондай-ақ былтыр 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғыртуды, сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуды көздейтін ұлттық жоба іске асырыла бастады.

Аян Хамидуллин, ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің басқарма басшысы: 

- Қазіргі таңда еліміздің газдандыру деңгейі 62,4%-ті құрайды. 12,6 миллион адам газбен қамтамасыз етілді. Жыл қорытындысы бойынша 7 жобаны аяқтап, 7 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қорытындысы бойынша 36 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етілетін болады. 2030 жылға дейін еліміздің газдандыру деңгейін 65 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Биыл Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Президент Үкіметке жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысын күшейтуді тапсырды.

Құралай Жұмахан, Аманжол Байғазин