Бюджеттің игерілуіне қатысты есеп берілді

  • 24
  • 19.06.2025, 18:47

Былтыр республика бюджетін ең тиімді игерген ведомоствоның бірі Ғылым және жоғары білім министрлігі болды. Көрсеткіш 99,9%. «Есебі әдемі болғанымен, кей мәселеде сылбырлық танытқан»,– дейді депутаттар. Мәселен, 18 мың студент педагогикалық мамандықтарға ҰБТ тапсырмастан немесе төмен балмен түскен. Басқа министрліктердің де жұмысында ағаттық бар. Ақша бөлінсе де жоспар толық орындалмаған. 

Кеше Мәжіліс, бүгін Сенат бюджеттің орындалуын майшаммен қарады. Әдеттегідей алдымен Үкіметтің есебі тыңдалды. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 97,5%, шығыстар 97,8% орындалған. Халықтың әлеуметтік осал тобындағы 5 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылған. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақысын көтеруге 93 миллиард теңгеден астам қаржы жаратылыпты. Артынша жауаптыларға экономикадағы ахуалға қатысты сұрақ қойылды.    

Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Инфляция қайтадан өсуде. Баға не болмақ?  Ақша-несие саясатына және 16,5% базалық мөлшерлемеге қарамастан азық-түлік 10%-ға, байланыс 15,8%-ға, теміржол билеттері 26,5%-ға, суық су екі есеге жуық қымбаттады. Бағаның өсуін тоқтату үшін нақты қандай шаралар қолға алынады?

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық Экономика министрі:

-Ет бағасын тұрақтандыру үшін ірі қараны сыртқа шығаруға тыйым салынды. Әлеуметтік азық-түлік бағасы қазір тұрақталды. Картоп, сәбіз, орамжапырақ пен сарымсақ бағасы әзірше жоғары болып тұр. Маусым айында ол солай сақталады. Одан кейінгі кезеңде төмендейді. Басқа өнімдер құны сыртқы әсерлерге байланысты.

Ал Амангелді Толамисов отандық дәрі-дәрмек өндірісін сынға алды. Жоспарланған 20% орнына 2024 жылы өндіріс үлесі тек 15% болған. Айгүл Қапбарова болса, мүгедектерге арналған орталықтар салу барысын бақылауға алу қажет деп есептейді. Қаржы бөлінсе де құрылыстың қарқыны төмен.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Ұлттық қордан 10,3 млрд теңгенің 2,8 млрд теңгесі игерілмеген. Нәтижесінде Ақмола және Ақтөбе облыстарындағы нысандар қолдануға берілмеді. Аталған өңірлерде 43 және 49 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтар оңалтуға мұқтаж.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

-Біріншісі Ақтөбе қаласы бойынша 60% дайын. Ол 26 жылы іске қосылады. Ал Көкшетау қаласында жергілікті атқарушы органдар үлгілі жобалау смета өзгеріс енгізе алады. Сол жұмыстар созылып кеткен. Қазіргі уақытта 21% дайын. 2026 жылы іске қосылады. 

Былтырғы бюджетте түсім жоспарланған межеден 600 млрд теңгеге кем болды. Сенаторлардың пайымынша, мұның бір себебі көлеңкелі экономикамен байланысты. Бұған қатысты нақты мысал келтірді.

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Мысалы, елімізге жақын орналасқан үш Орталық Азия елінің азаматтары Қазақстанда үш жылда 136 млрд теңге тапқан. Алайда Ұлттық банктің мәліметі бойынша осы мерзім аралығында олар өз елдеріне шамамен 1 трлн теңгеге жуық қаражат аударғаны анықталды. Бұл көрсеткіштер көлеңкелі өнім немесе көлеңкелі қызметтің нақты өндірілгенін көрсететін бірден бір белгілер.

Депутаттар осындай тәуекелдерді азайту үшін жалпы бақылауды күшейтуге қатысты ұсыныстарын айтты. Туындаған мәселелерге қарамастан, былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,8% өскен. Үкімет әлеуметтік міндетін, соның ішінде төлемдерді толық орындаған. Сондай-ақ еліміз бойынша жүзден астам мектеп және елді мекендерде 450 медициналық ұйым салыныпты.  

Ердаулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов