Еліміздің пайдалы қазбалар қоры молайды

  • 6
  • 02.09.2026, 19:31

Қазақстанның минералды-шикізат қоры молая түсті. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024-2025 жылдары алтын қоры 157 тоннаға, күміс - 9 мың, мыс - 22 мың, мұнай 199 мың тоннаға және газ 22 млрд текше метрге көбейген. Басқа да қазба байлықтары бойынша да ресурс артты.

Соңғы 2 жылда елімізде 54 жаңа кен орны ашылып, пайдалы қазбалардың кені 10 мыңға жетті. Сирек кездесетін металдарды іздестіруге де басымдық беріліп отыр. Айталық, қазір вольфрам мен молибден кені Қарағанды облысында бар. Ал, Алматы облысында литийдің ең үлкен кен орындары орналасқан. «Сонымен қатар, салаға жасанды интеллект элементтері енгізіліп, жаппай цифрландыру жүріп жатыр», - деп мамандар мәлімдеді. 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, былтырғы Жолдауында еліміздегі аэрогеофизикалық зерттеулердің әбден ескіргенін сынға алып, Үкіметке цифрлық құралдар мен жасанды интеллект арқылы жер қойнауының заманауи картасын жасауды тапсырды.

Қанат Ерубаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитетінің төрағасы:

- Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 66 мыңнан астам геологиялық деректер орналастырылып, 4,8 млн-нан астам бастапқы ақпарат цифрландырылды. 2026 жылы жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 150 мыңдық масштабтағы геологиялық түсірудің 20 жобасы бойынша жұмыстар басталды. Соның ішінде алтын, мыс, литий, вольфрам, молибден және сирек кездесетін металдарды іздеуге ерекше назар аударылып жатыр.