Жергілікті шаруашылықтарды дамыту үшін алдымен онлайн сауданы алға оздыру қажет. Президент Жолдауы аясында тиісті министрлік ауыл кәсіпкерлерінің цифрлық сауатын арттырмақ.
Ал Құрылтай шағын және орта бизнеске мораторий енгізу тетіктерін пысықтайды. Бүгінде жұмыс топтары құрылып, Жолдаудағы міндеттерді айқындауға кірісіп те кетті. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында тағы қандай міндет-мақсат қойылды?
Құралай Жұмахан, тілші:
- Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Президент биылғы халыққа Жолдауында осылай деді. Иә, қазір Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Қоғам қызу талқылап жатқан бұл күрделі мәселені«өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Бұл да Мемлекет басшысының айтқаны. Айтып қана қоймай, тиісті тапсырма да берілді. Бұл ретте не атқарылып жатыр?
Асқар Аймағамбетов, ҚР ЕХӘМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы Реттеу және бақылау комитетінің департамент басшысы:
- Үкіметте жұмыс тобы құрылған. Отбасының цифрлық картасына 30 ақпараттық жүйелерінде қолданатын деректерді тексеру, ревизия жүргізіліп жатыр. Бұл кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Депутаттар өңірлерді аралауды бастап кетті. Олар жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді жалпақ жұртқа кеңінен түсіндіріп жатыр. Бүгін құрамында Халық Кеңесінің өкілдері бар топ Қосшыдағы ұстаздармен кездесті.
Шолпан Каринова, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Мұғалімдерге бірінші кезекте айтарым - Педагогикалық ұжымның ішінде осы жолдауды өзіне тікелей қалай орындаймын, жолдауды орындау үшін әр мұғалімнен не талап етіледі, педагогикалық ұжымнан не талап етіледі деген сұраққа назар аударғым келді. Осы кезде біз Президент айтқан сапалы білім және адал азаматты тәрбиелеу арқылы халқымыздың білімділігін, әл-ауқатын арттыруға тікелей мұғалімнің әсерін көрсете аламыз.
- Кәсіптің көктеп-көгерер шағы да, тұралап-тоқырар тұсы да болады. Тәуекелі мол істің табиғаты сондай. Алайда кәсібінің нәсібін көремін дегенде алдынан бірде қағазбастылық, бірде қаржы тапшылығы, бірде нарықтың тарлығы шыға берсе, оның өрісі қалай кеңеймек? Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында кәсіп иелеріне қолдау білдірді. Енді орта және шағын бизнесті тексеруге 3 жылдық мараторий енгізіледі. Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірге мораторийді келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу тетігін талқылайды.
Арайлым Алтынбекқызы, кәсіпкер:
- Мораторий берілетін болса, ол бизнеске үлкен көмек. Бизнесте жүрген адамдар, екі ойда жүрген адамдар, енді бастағандар қорықпай жұмыс жасайды. Ештеңеден қорықпайды. Өзінің ақшасын қайда салу керек екенін, құрал-жабдық десе құрал-жабдық, ғимарат десе ғимарат ала алады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шағын және орта бизнестің дамуын да тілге тиек етті. Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр. Бұл ретте кәсіп иелерінен ұсыныс-пікірлер де жетерлік.
Дихан Қамзабекұлы, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Құрылтайға түрлі саланың азаматтары өзінің ісіндегі кейбір шаруалардың салыққа байланысты дұрыс жүрмей жатқанын айтты. Әсіресе өндірістік бұйымдар шығаратын балабақша саласындағы ұйымдар кей мәселені нақтылау керек екені, жеңілдетілген кредиттер ала алмай жатқандығы айтылды. Тұтастай халықтың Жолдаудағы негізгі бағыттардың дұрыс көтерілгендігін айтып жатыр.
- Иә, цифрлық технология торлап, әлеуметтік желі жаулап алғанда жаһаннан ажырап жан бағу мүмкін емес. Бұл ретте Президент цифрлық экономика құру міндетін жүктеді. Енді Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық тәртібін қалыптастыруы қажет. Сондай-ақ ауылда немесе қалада тұратын азаматтар мына смартфонды заңды табыс табу құралы ретінде пайдалануды үйренуі керек. Енді жеке маркетплейстер, банктер мен цифрлық сервистердің тетіктері бірігеді. Бұл құрылымдар интеграцияланып, пайдаланушыға тауарды таңдаудан бастап, оны үйіне жеткізіп бергенге дейінгі толық циклді қамтамасыз ететін болады. Бастысы – интернет иірімінде дұрыс жол таба білу керек.
Құралай Жұмахан, Әлібек Әлиев