Әлемде геосаяси ахуал шиеленіскен сайын халықаралық сауда жолдарының маңызы артып келеді. Ал Еуропа мен Азияның тоғысындағы Қазақстан осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға ұмтылуда.
Елімізде жаңа көлік дәліздері салынып, ескі бағыттар жаңғыртылып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Биылғы 9 айда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі 13 пайызға өсті. Алайда басты мақсат – жүкті бір шекарадан қабылдап, екіншісінен шығарып салу ғана емес. Сол ағыннан ел экономикасына барынша пайда түсіру. Ол үшін жолдың сапасы да, отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеті де маңызды.
Ендеше Қазақстан Еуразияның ірі көлік торабына айналуға қаншалықты дайын?
Құралай Жұмахан, тілші:
– Жол адам ағзасындағы күретамырға ұқсайды. Шиырлы жол да бір қиырды бір қиырға жалғастырады. Демек ол қатынас құралы ғана емес, табыс көзі. Мұны Мемлекет басшысы да баса айтты. Қазір Қазақстан арқылы 12 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның бесеуі теміржол, қалған жетеуі автомобиль бағыты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының президенті:
– Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Жол инфрақұрылымын жақсарту – стратегиялық міндет. Бұл ретте Мемлекет басшысы «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейтуді тапсырды. Байыпты бастаманың бірі – «Арал-Каспий» күре жолы. Бұл жоба Транскаспий дәлізін 1 мың шақырымға дейін қысқартып, жүк жеткізуді 3 күнге дейін азайтады. Келер жылы көптен күткен «Аягөз – Бақты» теміржол желісі іске қосылады.
Данияр Анарбек, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті басқарма басшысының м.а:
– Артықшылықтарының бірі – Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелін ашу. Теміржол желісін 2027 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін қос бірдей теміржол жобасы аяқталады. Бұл «Дарбаза – Мақтаарал» және «Қызылжар – Мойынты» құрылысы. 3 мың шақырым теміржол желісі жаңғыртылатыны тағы бар. Ал көлік-логистикалық орталықтарының саны 67-ге жетеді. Сандар сөйлеп-ақ тұр. Ал нақты көрсеткіш қандай?
Жайнар Әсілбекова, ҚР Көлік министрлігі Көлік саясаты департаментінің басқарма басшысы:
– Өткен жылдың көрсеткіші бойынша 39 млн тонна жүк тасымалданды 13%-ға өсіп. Жалпы инфрақұрылымдық әлеуетіміз 100 млн тоннадан асуға мүмкіндік бере алады.
«Ал логистика мәселесіне қатысты үн қатқан сала сарапшылары жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік төмен», - деп отыр.
Сәуле Бекежанова, ALT University Логистика және бизнес департаментінің профессоры, техника ғылымдарының докторы:
– Біздің тасымалдаушыларымыз, әсіресе автокөлік тасымалымен айналысатындары, жеке компаниялар болып табылады. Олардың көлік құралдарының саны аз әрі басым бөлігі ескірген. Сондықтан қазіргі таңда тасымалдаушыларымыздың басын біріктіретін қандай да бір қауымдастық құру қажеттілігі туындап отыр.
Тағы бір мәселе – жол сапасы. Президент Жолдауында оны жақсарту туралы тапсырма да берді.
Тозығы жеткен жол-көлік құралдарының тез істен шығуына және тауар бағасының қымбаттауына тікелей әсер етеді. Бұл ретте биыл автожолдардың 84 шақырымы орташа жөндеумен қамтылды. Жол сапасы елдің транзиттік әлеуетін айқындайды емес пе?! Ендеше тағы қандай ілкімді істер бар?
Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
– Бұрыннан қабылданған нормативтерге өзгерістер енгізіледі. Біздің қазіргі жол картасы бар 2024-тен 2029 жылға дейін 200 нормативке дейін қысқарту. Бұрын 1200 норматив болған.
Мемлекет басшысы түнеугүні логистикада аяққа тұсау, қолға байлау болып тұрған бірқатар маңызды мәселені алға тартты. Тоқсан тарау, сексен саланы қамтитын ведомство басшысын ауыстырды. Су жаңа министрге Премьер-министрдің орынбасары қызметін қоса ұстатты. Осыдан-ақ саланы күрделі әрі үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын аңғаруға болады.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов, Айдос Меделбеков