Экономиканың діңгегі саналатын салаларды қолдау күшейеді
Алып кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, көлік қозғалысы шектеліп, шекаралар тарс жабылды. Бұрын-соңды мұндай жағдайды басынан өткермеген елдер абдырап, етек-жеңін жинап үлгермей жатыр.
Сарапшылар мұнайдың арзандауы мен өндірістің қысқаруы салдарынан, елдегі ішкі өнім көлемі биыл 2,5% пайызға төмендейді деп болжап отыр. Сондықтан шикізатқа тәуелді елдер мұндай кезеңде экономиканы дамытудың басқа жолдарын қарастыру керектігін айтады. Қысылтаяң шақта экономиканы дағдарыстан алып шығу үшін ел Үкіметі қандай шаралар қабылдап жатыр?
Шынар Асанқызы, тілші:
- Қарапайым ғана мына қаламсапты жасап шығару былай қарағанда аса қиын шаруа емес секілді. Бірақ бұл бізде емес, Қытайда жасалған. Яғни біз ұсақ-түйекке дейін сырттан тасымалдап үйренгенбіз. Бұл импорттың бер жағы ғана. Шекара жабылғалы Қазақстанға сырттан келетін импорт көлемі күрт қысқарды. Тауар тапшылығы өз алдына, бұл импорттық салықтың қысқаруына әкеп соқтырды. Яғни бюджет салық төлеушілерден түсетін 49 млрд теңгесінен айырылды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:
- Сыртқы факторлардың экономикаға теріс әсерінен республикалық бюджеттің кірістері 10,5% төмендеді. Республикалық бюджетке 1 трлн 402 млрд теңге кіріс түсті. Жоспар 378 млрд теңгеге орындалмады. Олар негізінен салықтар есебінен қалыптасты.
Жоғарыда айтып өткен импорт салығынан бөлек елдегі кәсіпкерліктің уақытша тоқтауы да бюджетке айтарлықтай салмақ салды. Өйткені ішкі тауарларға салынатын құн салығы да 132 млрд теңгеге кеміді. Тағы бір соққы мұнай бағасының төмендеуі болып отыр. Эпидемия кесірінен әлемде кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, жанармайды тұтыну көлемі азайды. Салдарынан «қара алтынға» деген сұраныс күрт төмендеді. Сарапшылардың айтуынша, мұнайдың арзандауы біздің теңге мен бюджетке тікелей кері әсерін тигізеді. Өйткені біздің экономикадағы табысымыздың жартысынан көбі мұнай сатудан түседі.
Меруерт Махмұтова, экономист:
- Экспорттың 60% мұнай секторына байланысты. Екіншіден мемлекеттік кірістің, яғни республикалық, жергілікті бюджет және Ұлттық қордың бәрін бірге санағанда, соның жартысы мұнай секторынан түсіп отыр. Жалпы ішкі өнімнің 25% мұнай секторына байланысты. Сондықтан қаншалықты мұнайдың бағасының құлдырауы экономикамызға әсер етеді десек, биылғы жылы ішкі өнімі 2,5% төмен болады.
Жылдың бірінші тоқсанында сауда, көлік, тамақтану қызметі және қара металлургия салаларының көрсеткіші тым төмендеп кеткен. Керісінше өңдеу өнеркәсібінің қарқын алғаны байқалады. Фармацевтика саласында 32%, жеңіл өнеркәсіпте 14%, құрылыс материалдарында 2% өсім бар.
Бұған дәрі-дәрмек, маскаға деген сұраныстың артуы да себеп болса керек. Пандемия басталғалы, қорғаныс киімдерінің, масканың 80% өзімізде тігілді.
Юлия Александрова, тігінші:
- Бұрын мұндай қорғаныс киімдерін пішіп-тігіп көрген жоқпын. Бұл бірінші рет. Елімізге керек болған соң тігіп жатырмыз. Жиынтықта тұтас киім, бетперде, бахила болады. Күндіз де, түнде де жұмыс істеп, тырысып жатырмыз. Мақсат – қолымыздан келгенше елімізге көмектесу.
Мұнай бағасының арзандауы шикізатқа емес, өңдеуші секторға иек артудың маңызды екенін көрсетіп отыр. Сондықтан биыл бірқатар мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру ұлғайтылып отыр. Салықтық ынталандыру, шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіпті қолдау, сондай-ақ жұмыспен қамту бойынша іс-шаралар қолға алынды. Қарапайым заттар экономикасын несиелендіру көлемі 1 трлн теңгеге дейін артты.
Шыңғыс Ахметов, ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры:
- Бұл бағдарламаны негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіру. Тоқыма, жиһаз, тамақ өнімдерін қосамыз. Бұл бағдарламаның импортты алмастыруға бағытталғанын ескере отырып, қаржыландыруға жататын салалар тізбесі кеңейтілді. Мысалы, күріш өсіру, нан өндірісі, ұннан жаңа пісірілген кондитерлік өнімдер, торттар мен бәліштер өндірісі, жол белгілері, жолға қоятын металл тосқауылдар, металл илегінен жасалған бұйымдар сияқты жеңіл металл конструкцияларының өндірісі, көтергіш крандар өндірісі, лифт өндірісі сияқты пунктер қосылды.
Бизнестің дамуы бәсеңдеген шақта кірісті ұлғайту оңайға соқпайды. Сондықтан бюджет кірісінің тапшылығын жойып және дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан бөлінетін трансферт 2 трлн 70 млрд теңгеге артып, 4 трлн 770 млрд теңгеге жетті. Сарапшылар қаржы ағынын өнеркәсіпке, өндіріске, қызмет көрсету саласын дамытуға жұмсау қажеттігін айтады. Өйткені бұл дағдарыстан шығу қиындау болмақ.
Меруерт Махмұтова, экономист:
- 2022 жылға қарай мұнай бағасы тұрақтанады деген болжам бар. Бірақ қандай деңгейде тұрақтанады ол 20 доллар немесе 40 доллар бола ма, сол біздің экономикамызға маңызды. Келесі жылы мүмкін экономикада біраз тұрақталатындай көрініс болады. Бірақ биыл экономикамыз осындай дағдарыста жалғаса береді.
Яғни мұнай бағасы арзан күйінде тұра берсе, Қазақстанда дағдарыс ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан мұнай мамандарының өздері бұл салаға да бірқатар өзгеріс керек деп отыр.
Олжас Сүлейменов, мұнай-газ өндірісі маманы, Техас А&М университетінің магистрі:
- Біріншіден, мұнай-газ саласында басқарудың халықаралық жүйесін енгізу. Екіншіден, қазіргі таңда бастамасы алынған цифрландыру мәселесін түзетіп, аяқтауға септігін тигізу. Үшіншіден, Қазақстанда өте маңызға ие болып жатқан риск-менеджер мамандарын даярлап, солардың рөлін арттыру.
Кез келген дағдарыс – мүмкіндіктер кезеңі. Мұнайға тәуелді елдерге мұндай жағдайда, әрине, экономиканы дамытудың басқа жолдарын табу керек. Жақында Үкімет экономиканың діңгегі саналатын кәсіпорындарды қолдау шараларын қарады. Тізімге құрылыс, көлік, энергетика, сауда, жылжымайтын мүлікті жалға алу, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы 361 кәсіпорын енді. Мамандар: «Мықты бизнес пен өндіріс қана дағдарыстан қалқан бола алады», – дейді.