Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 0,1% аз. Инфляция қарқыны 16 айдан бері алғаш рет бәсеңдеген. Оның баяулауы ақылы қызметтер мен өзге тауарлар бағасының арзандауымен байланысты. Азық-түлік құнының өсу қарқыны да тежеле бастағаны байқалады. Мысалы, сәуірде азық-түлік бойынша инфляция 9,3-тен 10,4% жетсе, мамыр айында өсім 0,3% ғана болды. Жалпы 2020-2021 жылдарға белгіленген меже 4-6% дәлізді ұстап тұру еді. Ұлттық банк бұл болжамды қайта қарады. Ендігі жорамалдары бойынша инфляция деңгейі жыл соңына дейін 8-8,5% болады.
Сондай-ақ Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз, яғни 9,5% күйінде қалдырды. Қаржы нарығын реттеуші бұл шешімін инфляция деңгейін одан әрі ұстап, теңге тұрақтылығын сақтау үшін жасалғанын мәлімдеді.
Мақсат Халық, GSB UIB директорының орынбасары:
- Бұған дейін Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясаты болды. «Инфляция деңгейі 4% болады, тиісінше базалық мөлшерлемені түсіреміз», – деп айтқан болатын. Бірақ оның бәрі пандемияның салдарынан желге ұшқандай болып отыр. Базалық мөлшерлеменің төмен болуы ел экономикасы үшін жақсы. Біріншіден, бизнеске септігі тиеді. Бизнес арзан ақшаға қол жеткізеді. Халық та төмен пайызбен ипотека ала алады. Базалық мөлшерлеменің жоғары болып тұруынан мемлекет қазір бизнесті қаржыландырып жатыр. Үстіндегі пайызының бәрі бюджет есебінен субсидияланады. Базалық мөлшерлеменің жоғары болуынан мемлекет те шығынға батып отыр.
Базалық мөлшерлемеге қатысты өз жорамалымен бөліскен сарапшы: «Экономикамыз еңсесін тез тіктеуі үшін базалық мөлшерлемені төмендету қажет», – деп есептейді.