Атырауда жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт салынып жатыр
Жаңа зауыт жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Қазақстан үшін аса маңызды сала іске қосылғанда шағын және орта бизнес үшін жаңа кәсіп көздері ашылатын болады. Қазірдің өзінде кешеннің құрылыс-монтаж жұмыстарына 40-қа тарта отандық компания тартылған.
Қазақстанның тұңғыш газ-химиясы кешенінің құрылысы жүздеген жас маман үшін тәлім мектебіне айналды. Солардың бірі – Әлихан Ізімов. Жас химик бүгінде өзі қалаған мамандықтың қыр-сырын меңгеруде.
Жалпы газ-химия өнеркәсібі – еліміз үшін жаңа жоба. Сондықтан Әлихан секілді 80-ге тарта жас маман технологиялық жарақтандырылуы жөнінен әлемдік бестікке енген кешенді таңдапты
Әлихан Ізімов, жас маман:
– Біз толық цифрландырылған өндірісте жұмыс істейтін боламыз. Қазір теориялық білімімді практикамен толықтырып жатырмын. Себебі еліміздің химия өнеркәсібін алға апаратын біздің буын екенін жақсы түсінемін.
Жаңа жобада қазақстандық үлеске баса мән берілген. Қазір құрылыс алаңындағы 37 отандық компанияда 2000 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Мердігерлер құрылыс жұмыстарын жүргізумен қатар түрлі қондырғыларды құрастырып шығарды.
Арман Нұрғалиев, Құрылысты бақылау департаментінің жетекші инженері:
– Олар іргетасынан бастап, жоғарғы монтаж құрылысы, құбырлар жүргізу және басқа да жұмыстарды халықаралық стандартқа сай жүргізуде. Атырау зауытынан шығарылған жабдықтар қолданылды.
Халықаралық стандарттарға сай өнім шығаратын кешенде заманауи технологиялар қолданылады. Қондырғылар әлемнің әр түкпірінен тасымалданғандықтан, пандемия кезінде өндірісте кідіріс болды.
Арыстанбек Кенже, тілші:
– Қазір алаңдағы құрылыс жұмысының 82 проценті аяқталды. Бұл арада күндіз-түні 50-ден астам мекеме жұмыс істеп жатыр. Жалпы осы қарқыннан таймаса, құрылыс алаңындағы жұмыстар қазан айында мәреге жетуі тиіс.
Денис Козырев, Газ-химия кешені басқарма төрағасының орынбасары:
– Жоспар бойынша 2022 жылдың наурызына қарай алғашқы полипропилен шығаратын боламыз. Полипропилен – халық шаруашылығының барлық саласында сұранысқа ие өнім. Оны ішкі нарыққа да, экспортқа шығаруға болады.
Толықтай қайта жарақтандырудан өткен Атырау мұнай өңдеу зауыты жылына 500 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол шығаруда. Осылайша батыс өңірінде кешенді мұнай-газ кластері құрылмақ. Нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев