Зейнетақы жинақтарын пайдалану ережесі қандай?
Міне, бүгін нақты ереже бекітілді. Ертеңнен бастап «Отбасы» банкі ел азаматтарынан өтінім қабылдау үшін онлайн-платформаны іске қосады. Шоттағы ақшаны кімдер пайдаланады, қаражатты қандай мақсатта жұмсауға болады?
Бірлік Берікұлы, тілші:
– Бұл жаңалық шыққалы бері халықтың «жарғақ құлағы жастыққа тимей» шоттарындағы өз қаржыларын қайта-қайта есептеп жүргені белгілі. Бірақ бекіген ережеге сәйкес, бұл мүмкіндікті тек 800 мың қазақстандық қана пайдалана алады. Хош. Енді олар біржолғы зейнетақы төлемдерін қайда жұмсайтынын айта кетейін. Жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату, жекешелендіру, бөліп төлеу және айырбастау шарттарымен толық төлем жасау үшін пайдалануға болады. Бұған қоса үлескер ретінде алған баспанаңыздың құнын толық өтеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ зейнетақы шотындағы қаражат жеткілікті болса, жеке үй салуға, соның ішінде жер учаскесін сатып алуға болады.
Ал егер баспананы ипотекаға алғыңыз келсе, зейнетақы ақшасын бастапқы жарна ретінде пайдалануға рұқсат. Бұл ақшаны тұрғын үй несиелері бойынша қарызды ішінара немесе толық өтеуге болады. Бірақ ескеретін бір жайт бар. Егер осы зейнетақы төлемімен алынған баспананың ипотека мерзімі бес жылдан жоғары болса немесе өтелмеген берешегі болса, осы аралықта ол үйді сатуға тыйым салынады.
Қазірдің өзінде 57 мың адам «Отбасы» банкінде арнайы шот ашқан. Ал біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініштер ертеңнен бастап қабылданады. Жолданған құжатты қарау үшін кем дегенде бір апта кетеді. «Отбасы» банкі үміткердің өтінішін екі күн талдайды, содан кейін оның барлық деректерін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы» қорына жібереді. Егер азамат барлық талаптарға сәйкес келсе, онда бес күннен кейін қор біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын «Отбасы» банкіндегі арнайы шотқа аударады.
Ал арнайы шотқа түскен ақшаны алу үшін әр азамат 45 жұмыс күні ішінде барлық қажетті құжатты тапсыру керек. Егер осы аралықта тиісті құжаттар тапсырылмаса, онда ақша «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы» қорындағы шотқа қайтарылады. Тағы бір маңызды ереже: қазақстандықтарға зейнетақы қаражатын жақын туыстардан немесе жұбайынан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдалануға болмайды.
Ал енді зейнетақы қаржысына тұрғын үй сатып алу ережесін түсіндіріп өтейін. Бірінші, сізде электронды цифрлық қолтаңба болу керек. Оны EGOV сайтынан бірнеше минутта алуға болады. Екіншіден, зейнетақы шотыңызда қанша ақша жатқанын анықтау керек. Үшінші қадам – мобильді қосымша немесе екінші деңгейлі банк арқылы арнайы шот ашу. Төртінші қадам, «Отбасы» банкінің сайтында зейнетақы жинақтарын пайдалануға өтініш толтыру керек. Ал қаржы арнайы шотқа түскеннен кейін 45 күн ішінде тұрғын үйді сатып алуға мәміле жасалуы шарт. Осыдан кейін барлық құжат банкке өткізіледі.
Айтпақшы, шоттан шешілген ақшаның 10 проценті салық ретінде ұсталатынын естіген боларсыз. Оны бірден төлеуге немесе зейнет жасына шыққан кезде ай сайын өтеуге болатынын айта кетейік. Әрине, ерік – ел азаматтарында
Авторы: Бірлік Берікұлы