Президент сынынан кейін «Самұрық-Қазына» қоры қызметкерлерінің санын екі есе қысқартты
Осылайша қор қызметкерлерінің штаты 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарды. Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге азайса, «кеңесші» қызметтері мүлдем жойылды. Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы да шешім қабылданды. Қордың жаңа ұйымдық құрылымы енді осындай. Ол ресми сайтта жарияланды.
Нақтыласақ, 24 қаңтардан бастап «Самұрық-Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аслан Сұлтанов, «Samruk-Kazyna Construction» Акционерлік Қоғамының басқарма төрағасы Болатқан Сандықбаев, «Самұрық-Қазына Контракт» бас директоры Алмас Ақылов және «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» ЖШС бас директоры Серікбек Елшібеков лауазымдарынан айырылды.
Қазақстан азаматтарына «Самұрық-Қазына» қоры активтеріне иелік ету мүмкіндігі берілмек. Қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Facebook-парақшасында осылай деп жазба қалдырды. Оның ойынша қорға реформа жүргізуге қатысты кез келген азаматпен диалог құруға әзір. Сондай-ақ ол қорды министрліктердің басқаруына беруге түбегейлі қарсы екенін айтты.
«Көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі – ҚР экономикасының субъектісі ретіндегі Қордың қызметін доғару. Ұсыныстар ішінде Ұлттық компанияларды салалық министрліктердің басқаруына тапсыру ұсынылып отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, мұндай механизм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін еселеп ұлғайтады. Тиімділікті жоғалтып, инвестициялық климаттың нашарлауына әкеліп соғады», - деп жазды Алмасадам Сәтқалиев Facebook-парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының тиімділігіне күмән келтіріп, қорға түбегейлі реформа жасауды тапсырған. Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлескенін, егер ол жүктелген міндетті 1 ай ішінде атқара алмаса, өзі де, қор да ғайып болатынын мәлімдеген еді.