Ұлттық банк биыл осымен екінші мәрте базалық ставканы өсіріп отыр
Бұндай шешімді түсіндіру үшін Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Бас банкирдің сөзінше, базалық ставканы өсіру арқылы біз қазір екі таңбалы көрсеткішке жетіп отырған инфляцияны ауыздақтауға мүмкіндік ашамыз.
Елде инфляция өсіп барады. Салдарынан сіз бен біз тұтынатын азық-түліктің бағасы да шарықтауда. Басты себеп – әлемдік саясаттағы ахуалдың күрт өзгеруі болып отыр. Инфляцияны ауыздықтау үшін Ұлттық банк базалық ставканы 13,5-тен 14% дейін өсірді.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Осындай шаралардың көмегімен біз сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына және екі таңбалы көрсеткішке жеткен инфляцияның ретсіз өспеуіне ықпал ете аламыз. Сондықтан біз үшін базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім – бірінші кезекте, инфляцияның өсу тәуекелділігіне жол бермеу жолындағы қажетті шара. Өйткені баға тұрақтылығын қолдау Ұлттық Банктің негізгі міндеті болып табылады.
Жалпы халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биыл жаһандық инфляция деңгейі жоғары болмақ. Дамыған елдердің өзінде дәліз 5,7% дейін өскен. Ал Қазақстан секілді дамушы мемлекеттерде инфляция 8,7% дейін жетіп отыр.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- Азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ геосаяси жағдай аясында тауар жеткізу жолдарындағы өзгерістер инфляцияға қосымша қысым көрсетуде. Тұтыну бағаларының өсуіне сауда-серіктес елдерде, атап айтқанда Ресейде инфляцияның жеделдеуі де ықпал етеді. Біз мөлшерлемені көтере отырып, теңгедегі активтердің тартымдылығын да арттырамыз. Бұл халықтың тұтынушылық әрекеттен жинақтауға қарай ауысуын қолдайды.
Айта кету керек, Ұлттық банк биыл осымен екінші мәрте базалық ставка мөлшерлемесін өсіріп отыр. Келесі шешімді қаржы институты маусымның 6-сы күні жариялауды жоспарлауда.