Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады
Мамандар ішкі және сыртқы жағдайларды бірнеше рет талдай отырып, осындай ұйғарымға келген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды.
Базалық мөлшерлемені белгілеуге негіз болатын факторлар көп. Осы жолғы шешімге түрткі болған себептің бірі – инфляция динамикасы. Әсіресе азық-түлік өнімдері бағасының өсуі қатты байқалды. Импорттық тауарлардың қымбаттау қарқыны да әдеттегіден жоғары болды. Ұлттық банктің есебінше, жылдың қорытындысы бойынша инфляция 13-15% аралығында болады. Сондықтан базалық мөлшерлеме қазір 14% деңгейінде сақталады.
Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Ұлттық банкiнің төрағасы:
- Болжам Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін ескеріле отырып жасалды. Осы шаралар кешені табысты іске асырылған кезде, инфляция болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуі мүмкін.
Ішкі экономиканың жай-күйі де – негізге алуды қажет ететін басты фактор. Болжам бойынша, биыл оның өсімі 2,8-3,8% шамасында болады. Әлем бойынша карантиндік шектеулердің алынуы мен энергия ресурстарына деген сұраныстың артуын ескерсек, біздің ахуал енді біртіндеп оңалуға тиіс.
Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Ұлттық банкiнің төрағасы:
- 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5-4,5% дейін жеделдейді деп күтілуде. Бұған экономикадағы белгісіздіктің төмендеуі, экспорттық және импорттық тасымалдың қалпына келуі ықпал етеді.
Әлемдік деңгейде сауда-саттық жанданса, инфляцияның тізгінделуі де заңдылық. Бұл күз мезгіліне сәйкес келеді деген болжам бар. Яғни қымбатшылық тоқтауы керек.
Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді 25 шілдеде жариялайды.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы