Хабар телеарнасы

Ұлттық Банк: базалық мөлшерлеме 14,5% деңгейінде сақталды

Мамандар экономикалық жағдайды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ жаңартылған болжамдарды ескере отырып, осындай ұйғарымға келіпті. Бұл туралы арнайы брифингте айтылды.

Бұған дейін жасалған болжамдар аз да болса, дөп келе бастады. Мамандар күзде баға тұрақталады деген болатын. Солай болды да. Тіпті жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің құны аздап төмендеді. Бірақ былтырға қарағанда қымбаттау. Осы және әлемдегі алыс-берістің бағамы ескеріліп, еліміздегі базалық мөлшерлеме 14,5% деңгейінде белгіленіп отыр. 

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:

- Инфляциялық күтулер әлі де жоғары. Осы жылдың тамыз айында инфляциялық күтудің жылдық медианалық мәні 16,5%-ды құрады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылған болжамдарға сәйкес біз инфляцияны 16-18% деңгейінде күтудеміз. Бұл Ұлттық Банктің алдыңғы болжамынан жоғары.

 Дегенмен бүгінде астыққа қатысты жалпы әлемдік белгісіздік тоқтады. Оған қоса биыл мол өнім жиналады деп күтілуде. Қазірдің өзінде халықаралық нарықта өсімдік майы мен дәнді дақылдар бағасының төмендегені байқалады. Ал мұнай бағасы тұрақты. Осы көрсеткіштер сақталатын болса, алдағы уақытта елдегі инфляцияның тізгінделуі заңдылық.

 Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:

- 2023 жылы инфляция 7,5-9,5%-ға дейін баяулайтын болады. 2024 жылы жаңа сыртқы және ішкі шоктар болмаған жағдайда инфляция таргеттелетін көрсеткішке жуықтайтын болады. Біздің бағалауымыз бойынша, ол 5,5-7,5% деңгейінде қалыптасады.

Брифингте жалпы ішкі өнімнің өсуі туралы да деректер айтылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ол 2,5-3,5% болады. Келер жылғы мақсат – оны 5% деңгейіне дейін жеткізу. Айта кетейік, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді 24 қазанда жариялайды.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тоқтар Терлікбаев