Қазақстан мен Қытай арасында сауда ұлғаяды
Қытай - Қазақстанның жалпы тауар айналымының 18% құрайтын ірі сауда серіктесінің бірі. Көрші ел біздің экономикаға салынған инвестиция көлемі бойынша алғашқы бес мемлекеттің қатарына енеді. 2030 жылға қарай өзара сауданы 35 млрд долларға дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл жайында Әлихан Смайыловтың Қытайдың Қазақстандағы елшісімен кездесуінде айтылды. Чжан Сяо Қытай Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға, теміржол тасымалы көлемін ұлғайтуға, IT-сектордағы өңіраралық өзара іс-қимыл мен әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді. Кездесуде «Қорғас» кеден жұмысын қалпына келтіру, «Бақты» көлік өткізу бекетінде үшінші теміржол өткелін ашу жайы да сөз болды.