Хабар телеарнасы

Инфляциямен күрес жалғасып жатыр

Биыл елімізде ерте пісетін картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз алқаптары айтарлықтай ұлғайтылды. Көкөністерді сақтау сыйымдылығын арттыру бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл туралы инфляцияны төмендетуге арналған Үкіметтің отырысында айтылды. Премьер-Министр бұл тұрғыда импортты алмастырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау қажеттігін атап өтті. Мәселен, 2026 жылға дейін осы мақсатта 900 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде 291 жоба биыл іске асады. Үкімет мүшелерінің айтуынша, бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беруі тиіс.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1% өскен. Оның ішінде Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада 0,2% жоғары болды. Осыған байланысты өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейту қажет. Біз ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға күш салуымыз қажет.

Сондай-ақ отырыста интернет сапасын жақсарту мәселесі де қаралды. Бүгінде байланыс операторларының жұмысына сын көп. Тек жыл басынан бері халықтан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым түскен. «Елімізде аталған мәселені шешу үшін бүгінде ұлттық жоба әзірленген. Оның нәтижесінде абоненттер секундына ең кемі 100 мегабит болатын интернетпен қамтамасыз етіледі», - дейді үкіметтегілер. Талшықты оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылмақ. Ал 2027 жылға қарай Республикалық мыңызы бар қалалардың 75% және облыс орталықтарының 60% 5G технологиясына қосылады.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Біз әкімдіктермен бірігіп, әкімдіктер бізге жер телімдерін беруде, ұсынуда. Ал операторлар сол жерлерде антенналық тіректерді құрастырып, базалық станцияны орнатып жатыр. Осы 67 сондай жерлер Астана қаласында нақтыланған болатын және де басқа қалаларда да осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мобильді интернеттің сапасы осы жылы жақсаратын болады. Оптиканы тек қана ауылдарға тартып қоймай, сол ауылды мекеннің ішінде үйлерге де тартуды жоспарлап отырмыз.