Хабар телеарнасы

Банкроттық туралы заңның олқы тұсы көп

Халықтың әлеуметтік мәселесін шешу мемлекеттің экономикалық қуатына тікелей қатысты болмақ.

Жер бетінде 200-ге жуық мемлекет бар. Солардан халқы билігіне разы екі ел бар десек, біреуі – Сингапур. Сингапур ұстанған бағыт – білім мен ғылым. Қазіргі Президенті Халима Якоб – Құран оқитын мұсылман. Ал Раяна Барнави – космосқа ұшқан бірінші астронавт мұсылман әйелі. Мекке мен Медина орналасқан Сауд Арабиясында туған. Біздің Ұлттық ғылым академиясының президенті – Күнсұлу Закария секілді медицина саласындағы мықты ғалым. Міне, айналамыз осылай өзгеріп келеді. Әйелдер қоғам дамуына белсене араласқан сайын өркениет те бізге жақындай түспек. Парламентімізге әйелдер квотасы енгізілуі де содан деп ойлаймын. Өкінішке қарай, дуалы ауызды дейтін кейбір азаматтар әйелдер ғана емес, мектеп жасындағы қыз балалар да пәренжеге орансын деп уағыз айтады. Жат сананы күштеп таңу адамдар арасында алауыздық туғызады.

Кеше Иордания патшайымы Рания таяуда түсірмек келіні сауд ханшаймы Раджваға арнап танысу тойын өткізді. Бұл келін болашақта Иордания патшайымы болады. Қазақ әйелдері де орамал тақты, кимешек киді. Сонымен қатар отбасындағы береке мен отағасы тапқан нәпақаны ұқыпты жаратып ұрпағын иманды болуға тәрбиелеп өсірді. Отбасындағы бақыт шырақшысы болды. Ал бақыт дегеніміз – отбасыңды бағып-қағуға жеткілікті ақша табатын қаракетіңнің болуы. Жұмыс болмаса, қарыз аласың. Еліміздің борышқа батқан тұрғындарының төлем қабілетін қалпына келтіру мақсатында олардың банкроттығы туралы Заң жыл басында жарияланған. Сонымен кімдерді банкрот дейміз?

Астаналық Балнұр банкрот болды. Қазір өтініші бойынша рәсімдеу процесі жүріп жатыр. 5 жыл бұрын жолдасымен кәсіп ашпақ ниетте 2 млн теңге кредит алған. Жолы болмады, ісі жүрмеді, кредиттің үстіне кредит алуға мәжбүр болды.

Балнұр, Астана қаласының тұрғыны:

- Төлей алмадық, ажырасып кеттік, кредит менің атымда болғандықтан, проценттер де менің атыма кетті. Жұмысым бар, айлық аз. Қолымда балам бар. Бәрі қымбат заман ғой, пәтер жалдау мүлдем шарықтап кетті, 100 мыңға шейін барады. Екі күннің бірінде банктен хабарласып, маза бермейді. Жүйкеге тиеді, бәрі көңіл-күйге, психологияға әсер етеді. Менде түк жоқ, баспана жоқ, машина жоқ, зейнетақы жинағы жүрмейді.

Жалпы қосарлап несие алатындар аз емес. І кредиттік бюроның мәліметінше елімізде биыл тұтынушылық несие 30 процентке көбейген. 7,5 млн халық банктерден 7,7 трлн теңге несие алған. Ойлансақ, қыруар ақша. 1,5 млн азамат кредитін 90 күн кешіктіріп төлей алмай жүр, олардың мойнындағы қарыз көлемі - 1 трлн теңге.

Тұрсынбек Өмірзақов, экономист:

- Қарыз жүктемесі дейді. Ол неден шықты? Өйткені біздегі кредиттің бағасы - дүние жүзінде жоқ баға. Бізде 56 пайызға дейін бара алады. Бағаны осыншадан биік қойма деп әкімдер тексеріп жүреді ғой базарда, солай неге тексермейді банкілерді? «Ей, көке, сен 3 пайыздан асырма!» деп.

Банкроттық туралы заң күшіне енгелі 2 жарым ай. Жалпы қаржыгерлер: «Әуелде қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрген осы 1 млн адам банкроттық жариялауы мүмкін», - деген еді.

Әзірге 2,5 айда 52 мың адам кредитімді кешірсе деп өтініш жазған. Оның өзінде 40 мыңнан астамы мақұлданбаған. Яғни бұл өтінімдердің 85 проценті кері қайтарылды деген сөз. Неге?

Меруерт Сисенбаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

- Себептері әртүрлі, сараладық. Азаматтар өтініштерді рәсімдегенде, қателік жіберіп жатыр. Басым бөлігі кредиттік бюроның ақпараты бойынша рәсімге сәйкес келмейді. Соманы төлемеу фактісі, ол ең көп үлесті сома. Екіншіден, өзінің ортақ мүлкі бар болып шықты. Үшіншіден, банкпен қарыздарын реттеу құжаттарын алдын ала ұсынбаған.

282 млн теңге. Алматылық бір азамат осыншама кредитін кешіруді өтінген. Әрине, тым үлкен сома болса, тек сот арқылы банкроттық рәсімдеуге болады. 8 мың теңге несиесін жабуға жағдайым жоқ дегендер де табылған. Соттан тыс банкроттық жариялау үшін қарыз 5 млн 520 мың теңгеден аспауы керек. «Рәсімдеу процесі 6 ай жүреді. Сол себепті әлі банкрот деп танылған ешкім жоқ. Бірақ заңның шикі тұстары жетерлік», - дейді заңгерлер.  

Семён Симоненко, заңгер, «Қазақстан банкроттық орталығының» серіктес басқарушысы:

- Жетілдіретін тұстары көп. Ресейдің тәжірибесін қарадық, оларда банкроттық жариялау күрделі емес. Біздің заңның шарттары тым қиын. Соңғы бір жылда несиесін төлемегенін банктен растау құжатын әкелуі керек. Ал банктер болса, асықпайды, себебі олар кредитті кешіруге құлықсыз.

Кіріс комитетіндегілер бүгінде бұл фактіні растап отыр. Банк өкілдері төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге келгенде селқостық танытады.

Меруерт Сисенбаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

- Мысалы, ай сайын 100 мың төлейтін, ол: «қазір мен төлей алмаймын, ай сайын 20 мыңнан төлейінші», - дейді. Банк келіседі. Борышкер: «Ай сайын 95 мың теңгеден төлеймін», - десе де, банк: «жоқ», - демейді. Бір қарасаң, жеңілдетілген нұсқасын ұсынып тұрған сияқты болады, алайда бұл азаматтарға қолайсыз, жалпы құжатты қайта қарастыру керек сияқты.

«Басынан-ақ банкроттықтан үміттілердің 85 проценті өтпей қалғаны жақсы тенденция емес», - дейді экономистер. Заңның әуелдегі мақсаты қазақстандықтарды қарыз қамытынан босатып, төлем қабілетін қалпына келтіру іс жүзінде орындалмайтын түрі бар. «Парламент заңға шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс», - дейді тәуелсіз сарапшылар.

Нұржан Бияқаев, Банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Заң мына түрінде биыл оң динамика көрсетпейді. Ойлап қараңызшы?! Соңғы 18 айда бір рет те төлем салынбаған болуы керек. Оның үстіне банк немесе микроқаржы ұйымымен сотпен үйлестіру рәсімін жасаған болуыңыз керек. Қаржы пирамидаларына кредит алғандар банкроттық рәсімдеуге өте алмайды, осындай да арнайы норма керек.

Төрт қазақстандықтың үшеуінде кем дегенде бір кредиттен бар. Ай сайын 1,5 млн адам жаңа кредит алады. Тіпті той жасау үшін несие алатын біздің халықтың осы банктен қарыз алуға құмарлығын қойдыру үшін қаржылық сауат керегі жиі айтылатын болды. Сол үшін «Қарызсыз қоғам« жобасы қолға алынды.

Ақмарал Бекмұрзаева, «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі, экономист:

- «Қарызсыз қоғам» жобасына ауылдардың 6 мыңнан астам тұрғынын қатыстырдық. Біз оларға отбасылық бюджетті сауатты басқаруды үйретеміз. Кейде тіпті қажетсіз дүниелерге ақша жұмсайтындар бар. Сөз барысында бір әйел 70 мың теңге жалақысы бола тұра екі кредит алып алғанын айтып жылады.

Су жаңа мәлімет, кіріс комитеті бізге бүгін ғана 7 мың адамның 11 млрд теңге көлеміндегі кредиті кешірілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Заңға сай олар енді 5 жылдай ешқандай кредит ала алмайды.

Банкрот деп танылғандар сондай-ақ 3 жыл бойы қаржылық мониторингте болады. Ал жалған банкроттық рәсімдегендер 690 мың теңге айыппұл төлейтін болады.

 

Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев