«Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамытудың келешегі» атты дөңгелек үстел өтті
Алматыда «Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамытудың келешегі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Үкімет мүшелері, сарапшылар және осы реформаның басы-қасында болған мамандар қатысты.
Бүгінде еліміздегі зейнетақы жинағы 17 трлн теңгеге жуықтап қалды. Бұл шамамен 35 млрд АҚШ доллары. «Қартайғанда рахатын көрсем»,-дейтін 12 млн адам ай сайын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» ақша аударып отырады. «Ширек ғасыр бұрын осы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу заман талабы болды»,- дейді реформа авторлары.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:
- 1998 жылы жеке зейнетақы қорлары құрылып, олардың саны 15 жетті. Бұл қорлар 2013 жылы біріктіріліп, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» жұмыс істей бастады. Тиісінше барлық зейнетақы қорларындағы азаматтарымыздың шоттары бір жерге біріктірілді. Зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы болып Ұлттық банк тағайындалды.
2021 жылдан бастап тұрғындар жинақтарының 50% дейінгі қаржыны басқарушы компанияларға беру мүмкіндігіне ие болды. Қазір нарықта бес инвестициялық компания бар. Ал Президент шешімімен зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартып, емге жұмсауға рұқсат етуі халықтың қорға деген сенімін арттыра түсті.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:
- Сол кезде біздің азаматтарымыздың көзі жетті бұл біздің ақшамыз екен ғой деп. Сондықтан көп азаматтарымыз өздерінің шотына ақшаның уақтылы түсіп жатқанын, толық түсіп жатқанын соның бәрін қадағалай бастады. Қазақстан елінің зейнетақы жүйесі өте жақсы бағаланып отыр халықаралық эскперттермен.
Болжам бойынша 2030 жылға қарай еліміздегі зейнеткерлердің саны 3 млн жетеді. Демек зейнетақының едәуір бөлігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» төленетін уақыт та жақындап қалды. Сондықтан әрбір салымшының жарналарды Қорға тұрақты түрде аударып, өз жинақтарына түскен инвестициялық кірісті мұқият бақылап отыруы өте маңызды мәселе. Бұл олардың болашақ зейнетақыларының көлеміне тікелей ықпалын тигізетін жағдаят.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев