Хабар телеарнасы

2025 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер күшіне енді?

1-ші қаңтардан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға сәйкес енді осы бағытта құжат рәсімі оңтайландырылып, сатып алынған тауар, көрсетілген қызмет пен атқарылған жұмыс сапасы артуға тиіс. Мәселен, конкурс мерзімі қысқарды. Конкурс құжатын талқылау 5 жұмыс күнінен 2-ге, өтінім қабылдау 15-тен 5-ке, өтінімдерді қарау мерзімі оннан 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Ал құрылыс сапасын енді жұртшылық бақылайды.

Қоғамдық мониторинг тетігі енгізіліп жатыр. Сатып алу нәтижесіне шағымданудың да жаңа тәртібі көзделіп отыр. Енді оны сатып алушының өзі қарайды. Сондай-ақ аз мөлшердегі сатып алулар бойынша 100 АЕК-ке дейінгі тауарды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыс мен қызметті бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдік үшін бір сатушыдан алудың шекті мөлшері 3 мыңнан 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайды.

Шағын және орта бизнес субъектісіне 50 мың АЕК-тен аспайтын тауар мен қызметке басым құқық беріледі. Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу арқылы веб-порталда отандық өндіріс тауарын басымдықпен алуға мүмкіндік беріледі. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектісі саналатын өнім берушінің өтінімін жеке кәсіпкерден кемінде екі өтінім түссе веб-портал автоматты түрде қабылдамайды. Жергілікті жеткізушіні қолдау мақсатында 1%-дан 2%-ға дейін аумақтық жеңілдікті есептеу өзгерді.