Хабар телеарнасы

Бүркіт саяжайында шешімін таппаған мәселе көп

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Бүркіт саяжайында шешімін таппаған мәселе көп. Елді мекен маңындағы ауыл аумағына кірмегендіктен қоғамдық көлік тоқтамайды, жол қиылысындағы бағдаршам істемейді. Одан қалса жақын маңдағы емханалар Бүркіттен келгендерді шеттетіп әлек. Керісінше коммуналдық қызмет ақысы өзгелерден қымбат. 

Бұл – Алматының іргесіндегі Бүркіт саяжайы. Мегополис пен арасы 20 шақырым ғана. Бірақ дәл қазіргі жағдайы өркениеттен алыс. Онда емхана, мектеп сияқты әлеуметтік нысандардың ешқайсысы жоқ. Жергілікті билік жұртшылықтың өтінішін ескерусіз қалдырып отыр. Себебі саяжайға ауыл мәртебесі берілмеген. Тұрғындардың алды мұнда 10 жыл бұрын көшіп келген.

Кәдірбай Бейсеев, Бүркіт саяжайының тұрғыны:

-Ең басты мәселе бізде ауыл статусын беру, онсыз ешқайда бара алмайсың. Онсыз ешқандай әкімшілік ештеме шешіп бермейді бізге. Сол ауыл статусын берсе, содан кейін су мәселесі. Суымыз өте қымбат 350 теңге текше метріне. Электр энергиясы жиі-жиі өшеді.

Кеңдала ауылы мен Алматы арасында жүретін қоғамдық көлік те Бүркіттің жанына тоқтамайды. Өйткені саяжайға аялдама қарастырылмаған. Негізгі жолдың бойында жарық жоқ болғандықтан түнде жүру қауіпті екен.

Бүркіт саяжайы күре жолдың бойында орналасқан. «Күндіз-түні көлік ағыны бір басылмайтын жолдан өту өте қауіпті»,– дейді тұрғындар. Дәл осы жерге бір жыл бұрын бағдаршам қойылған екен, Алайда әлі қосылмапты. Округ әкімі болса, бағдаршамның қашан жанатынын білмейді. 

Бірақ Бүркіт тұрғындары газ, су, электр қуаты сынды коммуналдық төлемдерді өзгелерге қарағанда көп төлейді. Өйткені төлемді жауапты мекемелер емес, ортадағы кәсіпкерлер қабылдайды. Қымбат қызмет ауыл мәртебесін алғаннан кейін арзандауы мүмкін.

Алмас Өмірзақов, Кеңдала ауылдық округының әкімі:

- Бүркіт саяжайын біз Ақтас елді мекеніне қосуға өтінім бердік. Ол өтінім қанағаттандырылды, бас жоспарға енгізілді. Нақты оның тіркеуден шығатыны осы айдың аяғына дейін шығар. Оны облыстық әділет басқармасы нақты біледі.

Кеңдала ауылдық округінде Бүркіттен бөлек 76 саяжай бар . Онда тұратын 17 мыңнан аса халықтың мәселесі дәл осындай. Тұрғындардың медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайды.

Мөлдір Пірмағамбет, Бүркіт саяжайының тұрғыны:

-Ақтасқа барамыз рұқсатнама алу үшін, одан кейін алты айлық екпені салу үшін Кеңдала округіне барамыз. Ол жерден екпені алып болғаннан кейін Талғарға барамыз. Сөйтіп бір баланың тексеруінен өту үшін үш жерді аралап кішкентай шақалақпен көлігі болса, мақұл, көлігі жоқтар қайтып жүреді.

Жансұлу Қонысбаева, Бүркіт саяжайының тұрғыны:

-Баламда диагноз болғаннан кейін жүгіремін. Не порталға орын бермейді, Үкіметтің оңалтуына бермейді, аналардың айқайы ғой не емдік шараның дәрілерін дұрыс жазып бермейді. Өте сауатсыз айтқым келетіні. 

Ауыл әкімінің айтуынша, көктемде автобусқа арналған аялдама салынады. Қалған мәселенің барлығы саяжай Ақтас елді мекеніне қосылғаннан кейін ғана қарастырылады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев